Жамбыл облысының 85 жылдығы кең көлемде атап өтілді

0 28

Биыл Жамбыл облысының құрылғанына – 85 жыл. Осы жылдар белесінде өңір экономикасы өрлеп, тұрғындар жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандардың игілігін көріп келеді.

Жыл басынан бері барлық аудандар мен облыс орталығында есімі елге белгі жерлестеріміздің қатысуымен мерейтойлық шаралар өтіп жатыр.

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өңірдің 85 жылдық белесіне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Дүбірлі мерекеге ортақтасуға еліміздің әр түкпірінен мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, өңірден шыққан мәдениет майталмандары арнайы келді.

Алдымен құрметті қонақтар мерейтойға орай тігілген ақшаңқай киіз үйлерді аралап, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, музыка өнері мен қолөнер бұйымдары, сондай-ақ ұлттық дәмдері қойылған көрмені тамашалады. Облыстық тарихи-өлкетану музейі археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған алтын және керамикалық бұйымдарды, ежелгі руна жазуының көшірмелерін көпшілік назарына ұсынды.

Бұдан соң көрме залында өңірдегі айтулы оқиғалар, экономикалық өсімдер мен түрлі саладағы толайым жетістіктер топтастырылған бейнефильм жиналған қауымға ұсынылды.

Кейін Жамбыл облысының тарихы мен рухани мұрасына негізделген кітаптардың тұсауы кесілді. Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Тараз өркениет өрімдерінің куәгері», «Қарахан мен Айша: ғылыми деректер мен аңыздар» сынды кітаптар, отандық жазушылардың еңбектері жарық көрді.

Ербол Қарашөкеев барша жамбылдықты айшықты оқиғамен құттықтай отырып, облыс осы уақыт бедерінде түрлі қиындықтарды еңсеріп, елеулі белестерді бағындырғанын атап өтті.

– Жамбыл жері құдіретті Қарахан мемлекеті салтанат құрған, Қазақ хандығы іргесін көтеріп, туын тіккен киелі жер.

Бұл өлке айыр көмей ақындарымен, орақ тілді шешендерімен, саз балшықтан сәулет өрген шеберлерімен, ғұлама ойшылдарымен, шежірелі қарттарымен, адал да ақкөңіл еңбекқор жандарымен мақтана алады.

Жарқын істердің, берекелі бастамалардың жаршысы болған Жамбыл облысының келешегі кемел, болашағы бұдан да баянды болатынына сенімім зор.

Бірлігі мен тірлігі жарасқан мерейлі мекеннің 85 жылдық тойы құтты болсын! — деді облыс әкімі.

Президент Жарлығына сәйкес түрлі сала мамандарына мемлекеттік наградалар, атап айтқанда «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты салтанатты түрде табысталды.

Бұдан бөлек, кәсібилігімен көзге түсіп, еңбекте зор жауапкершілік танытқан тұрғындарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді.

Барлығы 28 жамбылдық мерекелік марапатқа ие болды, оның ішінде еңбек ардагерлері, әлеуметтік сала мен полиция қызметкерлері, әскерилер, құтқарушылар, коммуналдық қызметшілер және этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар.

Сонымен бірге Ербол Қарашөкеев облыстың 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Туған өлкем – Жамбылым!» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне марапаттар табыс етті.

«Мәдениет – асыл қазынам» мәдениет күндерінің қорытындысы бойынша үздіктер марапатталды. Байзақ және Сарысу аудандары үшінші орынның тұғырынан көрініп, арнайы техникаға ие болды. Жамбыл ауданы 2 орынды еншілесе, Талас ауданы бірінші орынды қанжығасына байлады. Қос ауданның шығармашылық ұжымына шағын автобус сыйға тартылды.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.