Таразда халықаралық Қазақстан-Италия көрмесі өтіп жатыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz арнасына сілтеме жасап.
Әулиеата жерінде тұңғыш ұйымдастырылған шара «Көне Тараз жаңғырығы. Еуразияның мәдени көпірлері» деп аталған. Оған белгілі италиялық және америкалық қолөнер шеберлері арнайы келді. Тараз IX-X ғасырларда шыны өндірісі ерекше дамыған шаһар болғандығы тарихтан белгілі. Қараханидтер дәуірінде жергілікті қолөнершілер шыныдан түрлі бұйым жасауды жоғары деңгейде меңгергендігін шетелдік меймандар да мойындап отыр. Өйткені дәл сол кезеңде ежелгі қалада жасалған заттар Ұлы Жібек жолы арқылы шығыс пен Еуропа елдеріне кеңінен тараған. Көрме осы байланысты өнер арқылы қайта жаңғыртуды көздейді.
«Бұл бастама қос ел арасындағы мәдени-рухани ынтымақтастықты нығайта түседі», – дейді ұйымдастырушылар.
Айта кету керек, шара кезінде венециялық мамандар өңір тұрғындарына бағалы туындыларын естелікке сыйға тартты. Сонымен қатар, шыны бұйымдардың ғасырлар бойы сақталып, өң бермеуінің сырын да айтып берді.
Құралай Сқақова, итальяндық суретшілердің қазақстандағы ресми өкілі:
«Технологиясы шынының ұнтағын қосып, сурет салған кезде анау шыны 500 градустық пешке қойылады. Сол пештің ішінде жарты тәуліктей тұрғанда сурет шынының ортасына кетіп қалған сияқты болып қалады. Сондықтан бұл шыныда салынған сурет өмірбақи кетпейді».