«Алтын пальма бұтағына» қол жеткізудің қаншалықты маңызды екенін айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Кинематография саласында аса беделді марапатқа лайық шедеврлерді анықтайтын уақыт таяп қалды. 3 күннен кейін Францияның Канн қаласында 71 жыл тарихы бар елеулі оқиға басталғалы отыр. Осыған орай алдыңғы жылдары үздік деп танылған картиналар қатарынан стильдік эстетикасымен есте қалатын бесеуін іріктеп, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл тізім бірнеше күнге созылатын демалыс уақытын сапалы өткізуге септігін тигізеді деп сенеміз.
Леопард (1963) Режиссер: Лукино Висконти
«Леопард» картинасы тек Лукино Висконтидің жеке шығармашылығының шыңы ғана емес, ол — барша әлем кинематографиясының жақұты.
Аса талантты Мартин Скорсезенің өзі бұл фильмді сүйікті картиналарының рейтингіне кіргізеді. Сюжет XIX ғасырдың 60-шы жылдарында Италияда орын алған тарихи оқиғалар аясында өрбиді. Яғни, Палермо мен қос Сицилия Корольдігінің гарибальдишілдер алдында бас июі. Десе де, әңгіменің негізгі арқауы — пендеуи сезімдер. Ескі аристократияның Танкреди (Ален Делон) есімді жас өкілі бір нувориштің (фр. nouveau riche — спекуляция негізінде тез байыған адам. Әдетте, әлеуметтік өзгерістер кезінде орын алатын жайт) Анджелика (Клаудиа Кардинале) деген сұлу қызына ғашық болады.
Мақалада осы фильм ең стильді картиналар қатарын бастап тұрғандықтан, бірден осы бағытқа ауысайық. Түсірілім барысында костюм суретшісі қызметін Пьеро Тоси атқарған. Бұл шебер мен режиссердің бірлесе жасаған жалғыз жұмысы емес. Олардың тандемінің жемісіне «Венециядағы өлім» фильмі жатады. Пьеро Тоси Франко Дзеффиреллидің «Травиатасы» мен Лилиана Каванидің атақты «Түнгі портьесіне» айрықша костюмерлік көзқарасы арқылы үлес қосқан. «Леопард» фильмінің мінсіз тігілген тарихи костюмдер үшін «Оскар» марапатына ұсынылуы Тосидің маман ретінде мықтылығының дәлелі болса керек. Картинаның өзі 1963 жылы «Алтын пальма бұтағын» иеленді.
Париж, Техас (1984) Режиссер: Вим Вендерс
1984 жылы «Алтын пальма бұтағы» Вим Вендерс есімді неміс режиссерінің «Париж, Техас» картинасына берілген кезде бұл шешімге бір де бір әділқазы мүшесі қарсы шықпапты. 100 пайыз сенімді жеңіс. Фильм классикалық роуд-муви жанрының канондарына сай түсірілгенімен, айтылатын әңгіме жауыр болған дүние емес. Басты кейіпкер — ешкіммен ісі жоқ, тіпті, жөнді нәр татпайтын қызыл бейсболкалы ер адам. Сюжет бойынша ол төрт жыл бұрын жоғалып кеткен болып шығады. Есімі — Трэвис. Фильм басында кейіпкерді оның інісі мен келіні тауып алады. Кейін олардың осы күнге дейін басты кейіпкердің ұлын асырап келгендері белгілі болады. Бұл оқиғадан кейін Трэвис ұлын ілестіріп, оның анасын, яғни, өз әйелін іздеуге аттанады.
Картина алғаш шыққан кезде сыншылар мен көрерменді бірнеше стильді үйлесімді тоғыстыруымен таңғалдырды. Бір жағынан символдар мен бағыттар бір біріне мүлдем жанаспайтындай көрінгенімен, екінші жағынан, көз алмастай әдемі визуалды гармония сыйлай білген.
Сыншылар Вендерстің бір картинада Американың оңтүстігіне тән дәстүрлі пейзаж бен Ескі Құрлықтың авторлық киноларына тән еуропалық мұңды үйлесімді ұштастыра білгенін айтады. Фильм кейіпкерлерінің киімдері де бұл ерекшелікке тұздық болғандай. Ол — Бриджитта Бьеркенің еңбегі. Гарри Дин Стэнтон сомдаған Трэвис АҚШ-тың оңтүстік өңірін мекендейтін ішімдікке салынған ер адамдарының жиынтық бейнесі. Ал, оның әйелі Джейн (Настасья Кински) 80-ші жылдардағы неміс авторлық фильмдерінің кейіпкерлерінен айнымайды.
Криминалды шығарма (1994) Режиссер: Квентин Тарантино
«Алтын пальма бұтағын» иелену, «Оскар» марапатына бір емес, 7 номинация бойынша, ал «Алтын глобусқа» 6 номинация бойынша ұсынылу… Бұл Квентин Тарантиноның «Криминалды шығармасы» алған марапаттардың бірегейі ғана. Посмодернистік шедевр экранға жол тартқан күні нағыз культті стильге айналды. Одан бері ширек ғасыр өтсе де атағы қарыштамаса, толастаған емес. Тіпті, жастар арасында оның кейіпкерлеріне еліктеушілер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Олардың іс-қимылы, сөйлеу мәнері, киген киімі, жеген асының бәрі тренд десек, қате айтпаймыз. Фильм фанаттары әрбір сөйлемі қанатты сөзге айналып кеткен қылмыскерлердің пәлсапалық диалогтарын жаттап, өздерін Траволта мен Турман сомдаған бейнелер образында ұстап, биін қайталайтын болды, «Мартин мен Льюис» сүтті коктейліне тапсырыс беретінді шығарды.
Картинаға тән стиль біресе 50-ші жылдарды, енді бірде Жабайы Батыс әлемін еске түсірсе, үшінші бір кадрлардан Жан-Люк Годар негізін қалаған жаңа толқын өкілдерінің қолтаңбасын байқап қаласыз. Бұл, әрине, режиссер шеберлігінен бөлек, костюмер Бетси Хейманның еңбегі. Ол The New York Times басылымына берген сұхбатында: «Үздік костюм номинациясы бойынша «Оскарды» өзге фильм алса да, сән әлемінде өшпес ізін қалдырған «Криминалды шығарма» ғана» — деген болатын.
Тарантиноның фильмдері «camp» (фр. se camper шамадан тыс мәнерлілік, театралдық. Классикалық өнер сұлулыққа балайтын дүниелерге қарама қарсы құбылыстардан көркемдік көру) стиліндегі визуалды эстетикасымен есте қалады. Хейманның айтуынша, киімнің көп бөлігі секонд-хенд дүкендерден алынған.
Тәтті өмір (1960) Режиссер: Федерико Феллини
«Әлем кинематографиясы тарихындағы ең танымал картина қайсы?» десе, кино сүйер қауым ойланбастан Феллинидің «Тәтті өмірін» атайтыны анық.
1960 жылы «Алтын пальма бұтағын» иеленген картина «Оскар» марапатын да қанжығасына байлады. Қай номинация бойынша? Әрине, үздік костюм үшін. Әйтпесе, картина ең стильді фильмдер бестігіне енер ме еді?!
Картина алғаш экранға жол тартқанда барша әлемге Италия стилі мен өмір сүру салтының квинтэссенциясын таныстырды. Костюм суретшісі Пьеро Джерарди кейіпкерлердің киіміне ғана жауапты болмай, тұтас фильмнің арт директоры қызметін атқарды. Әр кадрдың тура сән журналынан алынғандай мінсіз көрінуі осы Джерардидің арқасы.
Фильмде Марчелло (Марчелло Мастрояни) есімді колумнист бастан аяқ қара костюммен жүреді. Өзін қоғамнан оқшау ұстау үшін кешкі мезгілдің өзінде күннен қорғайтын көзәйнек киіп алады. Бұл образ барша италиялық ерлердің сүйікті стиліне айналды. Анук Эме сомдаған Маддалена 50-60-шы жылдардағы қоғам қаймағына жататын аса жоғары әлеуметтік топ өкілдерінің мәнерін ұстанады. Белгілі дизайнер Том Форд қолынан шыққан «мысық көз» Anouk көзәйнегі осы фильмнің эстетикасын дәріптеуге қосылған үлес. Айтқандай, қазір, әсіресе, соңғы екі жылда осы стиль нағыз трендке айналды.
«Тәтті өмірде» есте қалар тағы бір деталь кейіпкердің — қара көйлегі. Сценарист Бруннело Ронди бір сұхбатында Феллинидің Кристобаль Баленсиага тіккен көйлек эстетикасына тәнті болғанын айтады. Ол сырты жылтыр болғанымен, іші бос кейіпкер бейнесін ашуға таптырмас құрал деп білген. Бұл жағдайда костюмдер кино тілінде символдық рөл атқарды. Оны фильм соңында Марчеллоның ақ костюм киіп шығатын жерінен де байқауға болады.
Фото үлкейту (1966) Режиссер: Микеланджело Антониони
1967 жылы Канн жүлдесін иеленген «Фото үлкейту» атты картина триллер канонына сай түсірілсе де, өзінің әрбір ұсақ деталі негізінде жоғары сән туралы фильмдер қатарына қосыла алады. Басты кейіпкер — сән фотографы. Кей киномандар оның прототипі Дэвид десіп жатады. Шындығында Бэйли мен Дэвид Хеммингстің (басты кейіпкерді сомдаған актер) ұқсастығын байқамау мүмкін емес.
Картина стилі сән дәуірінің шарықтаған шағын еске салады. Костюмер Джослин Рикардс 60-шы жылдардағы Лондон атмосферасын дәл бере алған. Әйелдер бейнесін кәсіпқой актрисалар емес, сол заманда талғампаз стилі арқылы культті тұлғаға айналған Джейн Биркин мен Верушка сомдайды. Костюмдердің кейбірі аса талантты Пьер Карден мен Андре Курреждің қолынан шыққан шедеврлер.
Дереккөз: massaget.kz