1929 жылы басталған бүкіл дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың салдарынан 1933 жылы Германияда билік басына NSDAP – «Ұлтшыл-социалистік неміс жұмысшы партиясы» келді. Германияда Бірінші Дүниежүзілік соғыста жіберіп алған есесін қайтару жолында дайындыққа кірісіп кетті.
Соғыстың бірінші кезеңі (1939 жылы 1 қыркүйек — 1941 жылы 21 маусым).
КСРО-мен келісімге келгеннен кейін 1 қыркүйекте Германия Польшаға шабуыл жасады. Поляк армиясы 8-28 қыркүйекте Варшаваны ерлікпен қорғағанымен еріксіз берілді. 17 қыркүйекте Қызыл Армия Молотов — Риббентроп келісімі бойынша, Польшаның шекарасынан өтіп, батыс Украина мен батыс Белоруссияны өзіне қосып алды, ал қыркүйек-қазан айларында Эстония, Латвия, Литва үкіметтерімен өзара көмек шарттарын жасасып, әскер кіргізді.
Ұлыбритания мен Франция үкіметтері Германияға соғыс жариялағанымен, 9 ай бойы ешқандай ұрыс кимылдарын жүргізген жоқ. Осыны пайдаланған Германия Ұлыбритания теңіз флотына соққы берді де, Батыс Еуропаны жаулап алуға кірісті. 1940 жылы сәуір-мамыр айларында Норвегия мен Дания жаулап алынып, 10 мамырда Бельгия, Нидерланд, Люксембургке, әрі қарай Францияға басып кірді. Петен бастаған француз үкіметі қарсыласудан бас тартып, 22 маусым күні берілді. Оңтүстік Францияда Петеннің «қуыршақ үкіметі» құрылып, елдің қалған бөлігінде неміс билігі орнады.
Соғыстың екінші кезеңі (1941 жылы 22 маусым – 1942 жылы 18 қараша) 1941 жылы 22 маусым күні Германия КСРО-ға басып кірді. Ең алғаш Брест қамалы құлады. Онда үш дивизияның казармасы бар еді. Германияға Венгрия, Румыния, Финляндия, Италия мемлекеттері қосылды. Соғыс қиянкескі сипат алып, Германия өзінің Қарулы Күштерінің 77%-ын осы майданда ұстады. Осылайша Ұлы Отан соғысы басталды.
Соғыстың үшінші кезеңі (1942 жылы 19 қараша – 1943 жылы желтоқсан)
1943 жылы жазда өткен әйгілі Курск шайқасында жеңіске жеткен Қызыл Армия бөлімдері жаппай шабуылға шығып, Украина мен Беларуссияны азат етуге кірісті. Германияның негізгі күші шығыс майданда болғанын пайдаланған одақтастар 1943 жылы жазда Сицилияны басып алып, Апеннин түбегіне беттеді. Одақтастардың шабуылы мен антифашистік қозғалыстың күшеюі нәтижесінде шілденің аяғында Италияда Муссолини үкіметі құлады.
Соғыстың төртінші кезеңі (1944 жылы 1 қаңтар – 1945 жылы мамыр)
Одақтастар барлық майданда жаппай шабуылға шықты. 1944 жылы қысқы және көктемгі шабуыл нәтижесінде Қызыл Армия Румыния жеріне өтті. Кеңес армиясы Польша және Шығыс Пруссияға келіп кірді. Оларға поляк армиясы көмектесті. АҚШ, Ұлыбритания үкіметтері 1944 жылы 6 маусымда солтүстік-батыс Францияда екінші майдан ашты. Одақтастар армиясы француз партизандарының көмегімен неміс әскерлерін Франциядан ығыстырып шығарды.
1944 жылы шілде-қараша айларында Қызыл армия Балтық бойын, Румынияны азат етіп, Болгария шекарасына жетті… 1945 жылы 12-14 қаңтарда Қызыл Армияның Балтықтан Карпатқа дейінгі аралықта жаппай шабуылы немістерді Арденна түбіндегі шабуылды тоқтатуға мәжбүр етті. 25 сәуір күні кеңестік-америкалық әскерлері Торгау қаласы түбінде бір-бірімен алғаш рет кездесті. Кеңес армиясының Берлин операциясы (16 сәуір-2 мамыр) нәтижесінде Берлин алынды. 8 мамыр күні Берлин түбіндегі Карлсхорстта КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция өкілдері алдында Германия өзінің жеңілгені жөнінде актіге қол қойды.
Соғыстың бесінші кезеңі (1945 жылы 9 мамыр – 2 қыркүйек)
Постдам конференциясы (1945 жылы 17 маусым – 2 тамыз) Германияны қарусыздандыру туралы шешім қабылдап, Жапониядан тізе бүгуді талап етті. Жапония үкіметі бұл талапты қабылдамады. 6 және 9 тамызда АҚШ әуе күштері Жапонияның екі қаласы Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастады. 9 тамызда Қызыл Армия Моңғолия Қарулы Күштерімен бірге Жапонияға қарсы соғысқа араласты. Кеңес армиясы Солтүстік шығыс Қытайды, Солтүстік Кореяны, Сахалин және Курил аралдарын азат етті. Оңтүстік-Шығыс Азияда ұлт азаттық соғыс басталып, 17 тамызда Индонезия Республикасы, 2 қыркүйекте Вьетнам Демократиялық Республикасы құрылды. 1945 жылы 2 қыркүйекте жапон үкіметі тізе бүгетіндігі жөнінде актіге қол қойды.
Екінші Дүниежүзілік соғыс салдары
Соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80%-ы қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн адам әскерге алынды. 50-55 млн адам қазаға ұшырап, 4 триллион доллар көлемінде шығын шықты. Соғыстың аяғында фашизм толық күйреп, Батыс Еуропа елдерінде демократияның орнауына жол ашылды. Фашизмді талқандауда шешуші рөлді КСРО құрамындағы халықтар атқарды.
Дереккөз: massaget.kz