Нұрсұлтан Назарбаев: Жаужүрек жауынгердің көтеретін жүгі ауыр, бірақ бұл – абыройлы борыш, қастерлі парыз

0 4

Жамбыл облысында 3 мыңнан астам сарбаз, 300-ден аса әскери техника мен 40 шақты әуе көлігі әскери ұрысқа қатысты. Бұл – Отан қорғаушы күніне арналған шартты түрдегі шайқас.

Отар даласында ел тарихында екінші рет жауынгерлік парад өтіп, оған Елбасы-Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Парадқа дейін бір күн бұрын. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатардағы жауынгері Серікбол Файздрахман өміріндегі ең маңызды шараға әзірлік үстінде. Салтанатты шеруге киетін киімін үтіктеп, етігін майлап, бес қаруын сайлап жатыр.

Серікбол Файздрахман, қатардағы жауынгер:

«Бала кезімнен арман болған – Президентті көру. Ертең осы арманым орындалғалы тұр. Ертең біз Президенттің алдынан сап түзеп, шерулеп өтеміз. Біз Қазақстанның әскері қаншалықты айбынды, айбарлы екенін көрсетеміз. Қазақстандықтар тыныш ұйықтай алады. Өйткені біз сияқты сарбаздар Қазақстанның тыныштығын күзетіп жүр».

Сайдың тасындай сайыпқыран сарбаз Серікболдың арманы күн ұясынан шыққанда орындалады. Сондықтан бүгін ол ұйқыға ерте жатуға асық.

Ел тарихында екінші мәрте өткен жауынгерлік парадқа Елбасы-Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев тікұшақпен ұшып келді. Армиядағы әскери техниканың мүмкіншілігі сыналатын бүгінгі шара Отан қорғаушы күніне арналған. Осыдан тура 26 жыл бұрын мемлекетіміздің берік қалқаны Қарулы күштеріміз құрылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті сардарлар мен сарбаздар! Қадірлі ардагерлер! Баршаңызды Отан қорғаушы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Баһадүр бабалар ұлы даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» дейді дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, тәуелсіздіктің қорғаны болу – мәртебелі міндет. Жаужүрек жауынгердің көтеретін жүгі ауыр, бірақ бұл – абыройлы борыш, қастерлі парыз».

Қарулы күштеріміз – халқымыздың сенімді тірегі. Бүгінде қазақ армиясы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымымен бірлесіп әрекет етсе, Біріккен Ұлттар Ұйымы арқылы жер-жаһанда бітімгерлік миссияларды атқарып келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшіл саясаты бүкіл әлемге үлгі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

«С момента обретения суверенитета Казахстан ведет последовательную, твердую, миролюбивую политику. Однако современные политические реалии обуславливают необходимость всегда быть готовыми ко всему. Государство оказывает максимальную поддержку и большое внимание потенциалу укрепления нашей армии. На системной основе ведется закуп современных образцов вооружения, военной техники. Успешно освоен выпуск видов военной техники и оборудования. Модернизируется система военного управления».

Егемен елдің алдында 2030 жылға қарай заманауи, ұтқыр әрі жоғары кәсіби армия құру міндеті тұр. Ол үшін 2020 жылдан бастап қорғаныс саласына мемлекеттік қазынадан қомақты қаржы бөлінеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Наша цель – создать к 2030 году современную, мобильную и  высокопрофессиональную армию. Для этого с 2020 года на нужды обороны будет выделяться необходимый объем средств от ВВП страны. В целях эффективного реагирования на новые угрозы и вызовы безопасности созданы высокомобильные Силы специальных операций. Новые специальные подразделения осуществляют противодействие киберугрозам».

Елдің айбынын асқақтатқан парадтың ерекшелігі туралы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы жарлығына сәйкес елімізде аумақтық әскерлер құрылған болатын. Аймақтағы қорғаныс бөлімдерін облыс және Астана мен Алматының әкімдері басқарады. Міне, бүгін сол өңір басшыларына алғаш рет Жауынгерлік тулар тапсырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Сформированы и интегрированы в систему обороны страны территориальные войска. Уверен, эти новые части будут достойно нести врученные им сегодня боевые знамена. Это мы сделали впервые. Есть такие подразделения у нас во всех регионах страны, с соответствующим составом вооружений».

Егер ел басына қауіп төнсе, аймақтардағы стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрі жаудан қорғаныс шебін қорғап қалуға жауапты – осылар. Атқамінерлер Отар даласына бұдан бір күн бұрын келіп, өздерінің әскери әлеуетін сынап көрген еді.

Серікбол секілді сайыпқыран сарбаздар сымдай тартылып, Елбасының алдында сап түзеп өту үшін қатаң іріктеуден өткен. Парадқа тек озықтардың өзінен озып шыққандар ғана тартылды. Қазақ әскерінің әл-қуатын таныту ең үздіктерге, ең мықтыларға бұйырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Мемлекет Отан қорғаушыларға әрқашан қамқорлық көрсетіп келеді. Өткен жылы әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысы 25 пайызға артты. Әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып келеді. Мұның бәрі Қарулы күштер сарбаздарының ар-намысы мен айбынын арттыруға жол ашады. Сондықтан мен сіздерді әскери антқа адал болады деп сенемін!»

Жаһанда тұрақтылыққа төнген қауіп көп. Сириядағы сергелдең бар. Ауғанстандағы ахуалды айтпаса да түсінікті. Сондықтан бүгін ұлтты әлсіретудің, ел бірлігіне сызат түсірудің сан түрлі айласына төтеп беру әдісі көрсетілді. Қарулы күштер мұздай қаруланған заңсыз құрылымға қарсы оқты қарша боратты.

Әуелі қанатты көліктер тұмсығымен көкке шаншылып ұшып, жердегі жауға бомба тастаса, әскердің басты әлеуеті саналатын ауыр артиллерия қарсыластың тылын біржолата талқандауға көмектесті.

«Смерч» – қарсыласты кәдімгідей ықтыратын күш. Зымыран кешені 90 шақырым жердегі нысананың күлін көкке ұшырады. Бір оқтұмсық 67 гектар жерді жайпап өтуге қауқарлы. Бұл – шамамен 70 футбол алаңына тең аумақ.

Алмас Жұмаділов, жауынгерлік машина командирі:     

«Бұл – «Смерч» зымыран кешені. Бұл бір атқанда 40 секундтың ішінде 12 реактивті зымыранды жібере алады. Осы ракета, артиллерия қаруының ішіндегі ең күштісі деп ойлаймын».

Бітімгердің жүгін өгіздей өрге сүйреп жүрген Қазақстан күллі әлемге талас-тартысты даналықпен шешу жолдарын ұсынады. Елбасының салиқалы саясаты осындай. Бірақ қазақ армиясы кез келген қауіпке тойтарыс беруге дайын болуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Дорогие защитники отечества! Сегодня мы проводим очередной Боевой парад. Он станет реальной демонстрацией нашего боевого мастерства, слаженности в полевых условиях. Проведение парада послужит дальнейшему росту профессионализма, боевой готовности ВС нашей республики. Поздравляю всех вас с Днем защитника Отечества и наступающим Днем Великой победы!»

Қазақ жауынгерлері ел басына күн туса, ереуіл атқа ер салып, елін қорғауға аттануға әзір. Бұған бүгін жауынгерлік парадты өз көзімен көрген көрермендер көз жеткізді.

Отар даласы бүгін дүр сілкінді. Парадта 3 мыңнан астам жауынгер, 300-ден аса әскери техника мен 40 шақты әуе көлігі өзінің мүмкіншілігін көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Бірер күннен кейін баршамыз 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнін тойлаймыз. Бұл Жеңіске біздің ардақты ардагерлеріміз өлшеусіз үлес қосты. Бүгінгі ұрпақ жеңімпаз майдангерлерімізге мәңгі қарыздар! Барша қазақстандықтар атынан ардагерлерімізге мың да бір алғыс айтамын! Өшпес даңқ пен өлшеусіз өрліктің өнегесіне айналған бабалар аманатына әрдайым берік болайық! Баршаңызға амандық, бейбіт өмір және бақ-береке тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын! Қазақстан Республикасының Қарулы күштері жасасын! Ура!»

Ұлы даланың қырандай ұлдары бар. Қас қақпай, кірпік ілмей елін күзететін ұлдарын айтамын. Бүгін бұған бүкіл ел-жұрт куә болды. Бірақ жер дүниені сілкінтіп, түскен жерін ойран қылатын қарудың қолданысын тек осындай парадтардан ғана көрейік.

Сауытын отқа орап, жауды жайратуға қауқары бар танкілер мен зеңбіректер – міне, олар. Желден жүйрік, оқтай ұшқыр ұшақтар. Көрдіңіздер. Айбынды, айбарлы қазақ армиясы бүгін әскери әлеуетін танытып, кез келген қауіпке төтеп бере алатынын дәлелдеді.

Дереккөз: 24kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.