Қазіргі таңда Түркістан қаласында түркі мемлекеттері басшыларының қатысуымен халықаралық деңгейдегі маңызды саммит өтіп жатыр. Осындай ауқымды саяси іс-шара кезінде қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндеті Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілеріне жүктелген.
Саммит барысында Тараз қаласында орналасқан 5513 әскери бөлімінің сарбаздары да күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда. Солардың бірі – қатардағы Серік Тасмұрат. Жас сарбаз үшін Түркістан секілді тарихи әрі рухани маңызы зор шаһарда қызмет ету үлкен жауапкершілікпен қатар, зор мақтанышқа айналған.
Бүгінде әскери бөлімнің жеке құрамы қала аумағындағы қоғамдық тәртіпті бақылап, тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тәулік бойы қырағылық танытып келеді. Әрбір әскери қызметшіге нақты міндеттер жүктеліп, қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Қатардағы Серік Тасмұраттың айтуынша, мұндай маңызды халықаралық жиындардың қауіпсіз өтуіне үлес қосу – әр сарбаз үшін үлкен сенім.
– Түркістанда қызмет атқару мен үшін ерекше тәжірибе болды. Бұл – тек көне шаһар ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани орталығы. Осындай маңызды кезеңде ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысу – үлкен мәртебе. Әскери қызмет бізді тәртіпке, жауапкершілікке және кез келген жағдайда ел тыныштығын қорғауға дайын болуға үйретеді, – дейді ол.
Саммит қарсаңындағы қызмет барысында 5513 әскери бөлімінің сарбаздары кәсібилік пен қырағылық танытып келеді. Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаладағы тұрақтылықты бақылау – олардың күнделікті қызметінің маңызды бөлігіне айналған.
Қатардағы Серік Тасмұрат үшін бұл күндер тағы бір маңызды оқиғамен есте қалған. Қызмет барысында көрсеткен жауапкершілігі мен тәртібі үшін ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбековтың қолынан алғысхат алған.
– Бұл – тек маған ғана емес, бүкіл әскери бөлімнің жеке құрамына көрсетілген сенім деп білемін. Осындай бағалау әр сарбазға үлкен жігер береді әрі Отан алдындағы қызметті адал атқаруға ынталандырады, – дейді жас сарбаз.
Әскери қызмет барысында сарбаздар тек жауынгерлік даярлықты шыңдап қана қоймай, жауапкершілік пен төзімділікті де қалыптастырады. Түркістандағы қызмет – жас әскери қызметшілер үшін үлкен тәжірибе мектебі.
5513 әскери бөлімінің сарбаздары бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарып келеді. Олар үшін басты міндет – ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігін сақтау.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі