«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жұмыссыздар мен жұмыс іздеушілерге арналған қызметтердің іске қосылғанын мәлім етті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Енді eGov.kz порталы арқылы үйден шықпай-ақ, жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, сондай-ақ жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жолдама алуға болады»,-делінген хабарламада.
Жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғаларға 4 бағыт көзделген:
Жұмыссыз тұлғаларға жастар іс-тәжірибесі жолдамаларын алу;
Жұмыссыз тұлғаларға қоғамдық жұмыстарға қатысу жолдамаларын алу;
Жұмыссыз тұлғаларға әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа тұру туралы жолдама қағазын алу;
Жұмысқа тұру туралы бағыт қағазын алу;
Жұмыс іздеуші тұлғалар үшін «Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға жолдама» көрсетілетін қызметі жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар жолдаманы алу бөлігінде ғана қолжетімді.
«Табыс әкелетін жұмысы бар болса немесе құжаттарды ұсыну кезінде жұмысым мен табысым жоқ деп жалған мәлімет берген пайдаланушыға бұл қызметті көрсетуден дәлелді түрде бас тартылады. Сондай-ақ қызмет зейнет жасындағы адамдар үшін де қолжетімсіз. Алынған қызметтер бойынша барлық ақпарат пайдаланушының Жеке кабинетінде сақталады», — дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Асқар Атағұла.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету нәтижесінде, пайдаланушыға жұмыс іздеуші тұлға ретінде тіркелгені туралы хабарлама келеді және жұмысқа орналасу бойынша жолдама беріледі. Жолдамаларды Халықты жұмыспен қамту орталығы электрондық форматта береді.
Қызмет тегін, ол 1 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.
Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталында тіркелу, қызмет алуға өтініш беріп, ЭЦҚ-мен қол қоюы қажет.