Әуел баста әуестікпен ермек ретінде жасалған роботтар қазір адамзаттың нағыз бас ауруына айналды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
Өйткені, ақылды құлтемірлердің кесірінен мыңдаған адам жаңа жұмыс орнын іздеуге мәжбүр. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 800 мыңға жетпек. Осыған орай алдағы Астана экономикалық форумында «жасанды интеллект» тақырыбы отырыста арнайы елеп, саланың сақа сарапшылары кеңінен талқыға салмақ.
Бұрын тек қиял-ғажайып шығармаларда не фантастикалық фильмдерде ғана кездесетін роботтар қазір өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Ең озық деген үлгілері БҰҰ ұйымының отырысына қатысып, Пхенчхандағы олимпиада ойындарында қызмет көрсетіп үлгерді.
Бұдан бөлек жақын болашақта олар такси жүргізушілерін, қонақ үй қызметкерлерін және аспазшыларды алмастырады деп жоспарланып отыр. Тіпті кино актерларына деген сұранысты да азайтады. Өйткені қазір көп картиналар компьютерлік графика көмегімен жасалады.
Арнұр Тоқтабаев, сарапшы:
— Роботтардың барлық қимыл-қозғалысы жасанды инттеллектке негізделген. Ал ол шамамен 6 жыл бұрын дамудың жаңа деңгейіне шықты. Яғни ғалымдар арнайы нейронды желіні жасап шығарды. Құрылымы адамның миына пара пар құлтемірлер небір қызмет түрлерін көрсете алады.
Жасанды зерденің дамуынан жақын жылдары әлемдегі жүздеген мың адам жұмысынан айырылуы мүмкін. Ғаламдық зерттеу институттары осындай болжам жасап отыр. Бірақ, құлтемірлер мүлде алмастыра алмайтын мамандық түрлері де бар. Мәселен, медицина саласындағы қызметкрлердің орнын басу оңай емес.
Массимо Пиньятелли, Н.Назарбаев университетінің медицина бойынша вице-президенті:
— Жасанды интеллект — дәрігердің жұмысын жеңілдететін көмекші құрал. Дегенмен маманды алмастыра алмайды. Өйкені, медицина саласында сапалы қызмет көрсетумен қатар, кәсіби біліктілік, науқаспен сөйлесіп, жан дүниесіне үңілу, сұрақ қойып, сауалдарына жауап беру маңызды. Емделуге келген адам өзіне ерекше назар аударғанды қалайды. Әрине егер жасанды интеллекті дұрыс бағытта, тиімді пайдалантын болсақ дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге және дамытуға мүмкіндігіміз мол.
Сонымен, жасанды интеллект пайдалы ма, әлде, кесірі көп пе? Жалпы оның қажеттілігі қанша және оны одан сайын дамыту қандай жағдайға әкелуі мүмкін? Бұл сұрақтар төңірегінде ұзақ сөз таластыруға болады. Ал нақты деректер мен тұщымды пікірлерді Астана экономикалық форумында естиміз. Халықаралық жиын 17 мамырда басталады.