«Ұлттық ақпараттық теxнологиялар» АҚ «Базалық зейнетақы төлемі көлемін есептеу анықтамасын алу» сервисінің іске қосылғаны туралы мәлім етті, — деп xабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
eGov.kz порталының басты бетінде орналасқан бұл қызметтің арқасында зейнеткерлер жаңа базалық зейнетақыны қандай көлемде алатыны туралы анықтаманы ала алады.
Аталған анықтаманы алу үшін электронды үкіметтің порталына ЭЦҚ-сыз кіруге болады. ЖСН бойынша авторизацияланып, SMS-құпиясөзі немесе ЭЦҚ арқылы сұрау салған қызметті растауға болады.
«ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі, БЗЖҚ, электронды үкімет порталы ақпараттық жүйелері интеграциясының басты мақсаты — зейнетақы төлемдері мен жинақтаулар туралы барлық ақпаратты үйден шықпай-ақ алу мүмкіндігінің болуы. Енді азаматтар базалық зейнетақы төлемдеріндегі өзгерістер болған жағдайда тиісті ақпаратты онлайн режімінде алатын болады», — дейді «Ұлттық ақпараттық теxнологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Әсет Тұрысов.
Естеріңізге сала кетейік, электронды үкімет порталында келесі қызметтерге тапсырыс беруге болады:
«БЖЗҚ салымшысының зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» және «Зейнетақы аударымдары туралы анықтама алу».
Қызметтер «Азаматтарға» категориясының «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамтылу» тарауының «Еңбек қарым-қатынасы» бөлімдерінде орналасқан. Аталған қызметтер тегін көрсетіледі.