Бүгін Астанада Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Ұлы Дала» ІІІ Гуманитарлық ғылымдар форумы кезінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұрат Жұрынов Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі жастарының басын қосуда айрықша еңбек еткенін атап өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Қазақстанды түркі дүниесі атажұрт деп есептейді. Оның себебі — көптеген ғасырлар бойы бірінші Түрік қағанаты, екінші Түрік қағанаты, одан кейін Алтын Орда, одан соң Ақ Орда — бәрі түркі дүниесінің мемлекеттері болып есептеледі. Сол құрылған мемлекеттердің негізін құрайтын ру-тайпалар кейін Қазақия деген мемлекетті құрды. Біздің Қазақстанның бірінші мемлекет құрған жылынан бері 553 жыл өтті. Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 550 жылдығын атап өттік», — деді профессор.
Оның айтуына қарағанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаев үшін түркі бірлігі әрқашан алғашқы орында тұрады.
«1991 жылы Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін алысымен Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласын ары қарай дамыту, жандандыру үшін сол жерде А.Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті ашылды. Үш жылдан кейін біз Түркия мемлекетінің келісімімен ол университетті Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құрдық. Мен сол университеттің бірінші ректоры болдым. Сарапшылардың болжамы бойынша дүниеде 240 миллионнан астам түркі бар. Осылардың басын қосу үшін әрбір мемлекетке — қазақ-түрік университетіне квота бердік. Саха Республикасы, Татарстан, Чуваш, Алтай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркиядан студенттер келді. Ондағы мақсатымыз — біздің Елбасымыздың ұсынысымен түркі дүниесінің басын қосу болды. Сондықтан, келешекте түркі халықтарының басы қосылады. Ең негізгі мақсат — осы», — дейді Мұрат Жұрынов.
Сонымен қатар Мұрат Жұрынов Елбасымыздың іске асырған осы игілігін Ататүрік те армандап өткенін айтты.
«Түркияда Қазақстаннан мыңдаған студенттер оқиды. Білім саласын қамту керек. Барлық ғылымдар саласын да қамту қажет. Осыдан екі жыл бұрын біз Түркі дүниесінің ұлттық ғылым академиялары одағын құрдық. Оның бірінші президенті болып мен сайландым. Президенттік жыл сайын ауысып тұрады. Бұл біздің бірігіп жұмыс істеуімізге, осы құрылған одақтың ұзақ мерзімде жұмыс істеуіне септігін тигізеді», — деді Мұрат Жұрынов.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада өтіп жатқан дәстүрлі форумға ҚР Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова да қатысып, өз ойын ортаға салып, жиынның ашылуымен құттықтаған болатын.