Облыс басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айтты. Бұл туралы әкімдіктің Фейсбуктағы парақшасында жарияланды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
«Көңіл айту!
Еліміздің біртуар азаматы, Олимпиада тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық тұңғыш жүлдегер, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Сочиде өткен қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Теннің мезгілсіз қаза болуына байланысты Жамбыл жұртшылығы атынан қайғырып көңіл айтамыз.
Денис Тен қамшының сабындай қысқа ғұмырында спорт әлемінде еліміздің көк туын талай мәрте желбіретті.
Оның мұз айдынындағы қайталанбас өнерін спортсүйер қауым әрдайым қызыға тамашалады.
Денис Теннің спорттағы ерекше орны мен жарқын дидары ешқашан ұмытылмайды.
Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының əкімі».