Денис Тенді өлтірді деген күдіктілердің бірі Нұралы Қиясов осыған дейін де сотты болған, – деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Жамбыл облысы Мерке аудандық сотының мәліметінше, 2017 жылдың 31 қаңтарындағы сот шешімі бойынша, Нұралы Қиясов 2020 жылдың 31 қаңтарына дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Іс материалдарына қарағанда, 2017 жылдың 14 қаңтарында сағат 07.38 шамасында Жамбыл облысы Меркі ауданы Меркі ауылында «Мазда 626» маркалы мемлекеттік номері бар автокөлігін алкогольді масаң күйінде жүргізіп, ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабының 1-бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықты жасаған.
«Кейінірек 2017 жылдың 17 ақпанында түнгі 02.30 сағат шамасында Нұралы Киясов Меркі ауданы Жеміс жидек ауылы Құттыбекұлы көшесінің бойында тұрған «Ауди-80» маркалы автокөлігінің алдыңғы терезесін қолымен ұрып сындырып, ішінен бағасы 14 000 теңгелік DVD ойнатқыш құрылғысы мен бағасы 2000 теңгелік магнитофонды, автокөліктің капотын ашып ішінен бағасы 8 000 теңгелік бір дана аккумуляторды жасырын ұрлап, жәбірленушіге 24 000 теңгеге материалдық зиян келтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған», – делінген үкімде.
Бірнеше минут өткен соң Киясов өзінің қылмыстық іс-әрекетін ары қарай жалғастырып, сол аулада тұрған «Ваз-2106» көлігінен бағасы 10 000 теңгелік магнитофонды, капотын ашып ішінен бағасы 10 000 теңгелік бір дана аккумуляторды жасырын ұрлап, жәбірленушіге 20 000 теңгеге материалдық зиян келтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Сотта ол кінәсін толықтай мойындады. Нәтижесінде тараптар татуласып, материалдық шығынның өтелуі негізінде іс тоқтатылған. Ал 2017 жылдың 17 қазанында күдікті жалған нөмірі бар көлікті айдағаны үшін 45 380 теңге көлемінде айыппұл төлеген. Соттың үкімімен Нұралы Қиясов әкімшілік құқық бұзушылық жасады деп танылып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-бөлігі бойынша айыпталып, 20 мың айлық есептік көрсеткіш (45380 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген. Бұл туралы Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының үкімінде айтылады. Мұнымен қатар, осы сотта Қиясовқа қатысты тағы бір істің қаралғаны айтылады. Микронесие ұйымы Қиясовтың үстінен арыз түсірген. Ол 200 мың теңге қарыз рәсімдеп алған, алайда оны төлемей жүрген.
«2017 жылдың 10 наурызында жауап берушіге 200 000 теңге көлемінде қарыз берілді. Жылына 50 пайызбен 2018 жылдың 6 наурызына дейін. Жауап беруші несиені келісімшарт талабына сәйкес төлеуі тиіс болған. Алайда ол қарызын төлеу бойынша міндеттерін бұзған. 2017 жылдың 8 қыркүйегіндегі жағдай бойынша оның қарызы 144 028,42 теңге болған. Осы негізде сот микронесие ұйымының талаптарын толық көлемде қанағаттандырған. «Қиясов Нұралы Дәулетбекұлынан «KMF микронесие ұйымы (КМФ)» ЖШС-ның пайдасына 144 028 теңге 42 тиын мен 4 321 теңге көлемінде мемлекеттік баж өндірілсін», – делінген Жамбыл облысы Мерке аудандық сотының үкімінде.
Еске сала кетейік, осыған дейін Денис Тенді өлтірген екінші күдіктінің суреті жарияланған болатын. Адам өлтірді деген күдікпен Қызылорда облысының тумасы, 1994 жылы дүниеге келген Құдайбергенов Арман Бурибаевич (құжатында осылай көрсетілген) іздестіріліп жатыр. Белгілері: бойы 165-170 сантиметр, арықтау келген. Үстінде қара жейде, сұр түсті джинс, қара түсті аяқкиім болған. Күннен қорғайтын көзілдірік киіп алған. Ішкі істер министрілігінің өкілдері қандай да бір мәлімет білетіндерден Алматы қалалық ІІД-не хабарласуды сұрайды: 8 (7272) 54-40-42, 54-40-18, 54-41-00, 54-43-66 немесе 102.