Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Жамбыл облыстық департаментінің жаңа басшылық қызметіне Әшірбаев Әділхан Ханымұлы тағайындалды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әшірбаев Әділхан Ханымұлы 1978 жылы туылған.
ҚР ҰҚК академиясын тәмамдаған.
2014 жылға дейін ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде түрлі қызмет атқарған.
2014-2016 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайдас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл БҚО департамент басшысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департамент басшысы қызметін атқарған.
2016 жылдан бүгінгі күнге дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы қызметінде болған.
Отбасы: үйленген, екі баласы бар.
Айта кетейік, Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша шаралар жүйесі іске асырылып келеді, ол еліміздің көптеген бағдарламалық құжаттарында негізге алынатын басымдықтар ретінде айқындалған. 1998 жылы Қазақстанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданды, оның негізіне БҰҰ мен ТМД халықаралық Ассамблеясының қамқорлығымен халықаралық ұйымдар әзірлеген үлгілік актілер алынды. Осы жылдар ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қалыптасты, бірқатар бағдарламалық құжаттар қабылданды, уәкілетті орган құрылды, БҰҰ-ның Сыбайлс жемқорлыққа қарсы конвенциясына және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Стамбул іс-қимыл жоспарына қол қойылды.
Сыбайлас жемқорлық «Қазақстан-2050» стратегиясы»: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» құжатында да ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қауіп дәрежесіне көтерілді. Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтауы жөніндегі комиссия құрылды және жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау және оның жолын кесу үшін арнайы құрылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюросы жұмыс істейді.
Үкімет орасан зор жұмыс атқарды және атқарып келеді, оған Мемлекет басшысы азаматтардың кәсіпкерлік белсенділігін дамыту үшін әкімшілік кедергілерді төмендетуге және бизнесті билік тарапынан негізсіз араласудан қорғауға бағытталған бірқатар маңызды тапсырмалар берген болатын.
Жаңа бағдарлама – «Электрондық Үкімет» енгізілді, онда мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету және, сәйкесінше, олардың қоғамдық институттардың бақылауында болуын қамтамасыз ету көзделген. Бұл жұмыстағы жүйелілік 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны қамтамасыз етуге бағдарланған, ол мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік шаралар жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады.