Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің шақыруымен Этимесгут ауданының мэриясы ұйымдастырған «Анадолу» фестивалінде Жамбыл облысы Шу ауданының «Əсем əуен» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігі өнерпаздарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай арнайы шақырып, Жамбыл облысы мен Шу аудандық әкімдігі үлкен қолдау танытқанын айта кетейік.
Өнерпаздар көрермендер назарына Əбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Мэлс Өзбековтің «Толқиды Шуым», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен», Арман Бексұлтанның «Елге тілек» және Майлықожаның «Өсиет» термесі мен «Жан еркем», «Құрбым-ай», » Дей салдым-ай», «Ауылың сенің іргелі» сынды халық əндерін тарту етті. Жас қобызшы Бірғаным Мырзахан халық əні «Илигайды» орындап, түрік əні » Ду-дуды» Бауыржан Үйсінбаев нақышына келтіре шырқады.
Қазақстан өнерпаздарын 80 мың көрермен тамашалап, Бенгү түрік арнасы тікелей эфирден таратты.
Концерт соңында ҚР Турциядағы елшісі Абзал Сапарбеков сөз сөйлеп жамбылдықтарға алғысын білдірді.
Ал Шу ауданының əкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова фестивальды ұйымдастырушы Этимисгут басшысы Энвер Демирельге алғыс білдіріп Жамбылдан келген өнерпаздар туралы баяндап өтті.
Сондай-ақ, бағдарлама барысында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай А.Сапарбекұлы Бор провинциясының мэрі Сыткы Ерат мырзаға елорда символы «Бәйтерек» монументі өрнектелеген сағатты сыйға тартса, Жамбыл облысы Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Исакқызы шапан жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы атынан Нигде қаласының мэрі Йылмаз Шимшекке облыс əкімі Асқар Мырзахметовтың атына «Көне Тараз» кілемшесі табыс етілді.
Естеріңізге сала кетейік, өнер ұжымы қаланың көрікті орындарын аралап, Этимесгут ауданының мэрі Әнуар Демирельдің қабылдауында болған еді.