Астанада «Мерейлi отбасы» республикалық конкурсының жеңімпаздары анықталды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Жеңімпаз отбасылар 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында өткен sms/интернет дауыс беру нәтижесінде анықталды.
Нәтижесінде, Жамбыл облысынан қатысқан Ниязқұловтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының 2018 жылғы лауреаты атанды. Әулет отағасы Үмен Ниязқұлов (83 жаста) 40 жылдан астам уақыт ауыл мектебінде мұғалім, директор қызметтерін атқарған. Зайыбы Баян Ниязқұлова (80 жаста) 26 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Аға буынның педагогикалық қызметін балалары мен немерелері жалғастыруда. Әулеттің 3 буынының жалпы педагогикалық өтілі — 198 жыл. Ерлі-зайыптылар 62 жыл бірге өмір сүріп келеді және бірлесіп 12 бала, 32 немере, 20 шөбере тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Үмен Ниязқұлов, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы:
— Отбасын құрсаңдар, ынтымақты болыңдар. «Отан отбасынан басталады» дейді. Отбасында ынтымақ болса, бірлік болса, отбасы да ұзақ өмір сүреді. Ұрпақтары да ұзақ өмір сүреді.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жеңімпаз отбасыға салтанатты түрде естелік мүсінше мен автокөлік кілтін табыс етті.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
— Жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздары отансүйгіштік, еңбекқорлық, мейірімділік пен қайырымдылық сияқты құндылықтар мен өмірлік бағдарларды бойына сіңірген отбасылардың өкілдері. Бұл үрдіс жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастырып, олардың білімге ұмтылысын арттырумен қатар еңбек адамын тәрбиелеу үшін аса маңызды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні де осында.
Жарыс жеңімпаздарынан бөлек, биылғы сайыста тағы екі отбасы Президенттің арнайы сыйлығына ие болды. Бұл – осы жылғы байқаудың ең негізгі ерекшелігі. Ақтық мәреге дейін жеткен өзге әулеттер де сый-құрметтен кенде қалмады. Оларға тұрмыстық техника сатып алу үшін 300 мың теңгелік сертификаттар берілді. Мерекелік шарада мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылды.