Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі өтті

0 28

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласының «Достық» орталық алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрме – жәрмеңкесі өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жәрмеңкеге  облысымыздың 6 ауданы мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, жалпы құны 31,6 млн. теңгені құрайтын 158 тонна ауыл шаруашылығы тауарларын ұсынды.

Атап айтқанда 9,3 тонна ет (жылқы, сиыр, қой, шошқа және тауық еті), 3 тонна шұжық өнімдері, 5,7 тонна сүт өнімдері, 2 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер, 2 тонна макарон өнімдері, 0,5 тонна тұз, 2 тонна балық, 1,3 тонна бал, 2 тонна қарақұмық, 2 тонна күріш, 4 тонна қант, 1,5 тонна өсімдік майы, 1 тонна кептірілген жеміс және 134,2 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері сатылымға қойылды.

Амангелді Байбосынов, қала тұрғыны: 

– Осындай жәрмеңке жақсы болып тұрса, халықтың жағдайы да жақсарады. Барлығын осы Жамбыл облысының тұрғындарын осындай ауылшаруашылық базарына шақырамын. Өзім картоп, пияз барлығын алып алдым. Айырмашылығы екі есе, 10-5 пайызға арзан.

Жалпы, сауда сөрелеріне сапалы тауарлар шығарылған ба, жоқ па? Оған көз жеткізу де аса қиын емес. Тұтынушылардың сатып алған өнімдерінің сапалылығы мен жарамдылығын осындағы көшпелі ветеринарлық зертхана көмегімен тексертуіне де, әкімшілік орталығында сатушының таразыдан жеген-жемегенін бір демде анықтатып алуына да мүмкіндіктер жасалынған екен. Қордай ауданынан келген ет сатушылардың бірі жылқы етін белгіленген бағасынан 300 теңгеге қымбатқа сатқаны да сол мезетінде анықталып, зейнеткер қария артық төленген ақшасын қайтарып алды.

Тағы бір тараздық зейнеткер Л.Кравченко да өзі алған азық-түлік өнімдерін бақылау таразысына өлшетіп көріп, дұрыстығына көз жеткізіп жатты. «Іс-шараны ұйымдастырушыларға риясыз алғыс айтқым келеді. Жәрмеңкенің бірде-біреуін құр жібермей, ылғи да келеміз. Алаңның ортасына арнайы таразы қойылған. Не алсақ та грамына дейін дәлме-дәл есептетіп аламыз. Зейнеткер үшін тиыннан желінудің өзі жеңілге түспейді. Ал басқа базарларда мұндай мүмкіндік жоқ. Мұндағы өнімдер бағасы да нарықтағыдан біршама төмен», – дейді ол.

Тараздықтардың бұл күні сахнасынан ән-күй көкке әуелеп мерекедегідей кейіпке енген орталық алаңдағы дәстүрлі көрме-жәрмеңкеден өздеріне керектіні түп көтере сатып алысып, көңілдері бір жайланды.

Аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жәрмеңкедегі тауарлардың бағалары нарық бағаларынан 7-33 пайыз төмен бағада сатылды.

Атап айтсақ, ет өнімдерінің  нарықтағы бағасы 1500-1700тг болса, мұнда 1 300 — 1 500 теңгеден,  қант (245 тг.) — 220тг, күріштің нарықтағы бағасы -240 теңге болса, жәрмеңкеде 180 (тг/кг) сатылды. Сондай-ақ, бағалар тұрғындардың көңілдерінен шықты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.