Қазақстан Қырғызстанға бензин экспортын бастайды

0 4

Қазақстан Қырғызстанға бензин экспортын бастайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

— Қазіргі уақытта біз өз тарапымыздан Қырғызстанға бензин экспортына қатысты тиісті құжаттарды әзірлеп, әріптестерімізге жібердік. Осы аптада менің орынбасарым не болмаса департамент басшысы Қырғызстанға барады. Қырғыз тарапынан өзгерістер  болатын болса, оны қараймыз. Қырғызстанға бензин экспорты мәселесі 2-3 апта  ішінде шешіледі. Көрші елдің нарығында  бензин қандай бағада болса сондай бағамен жібереміз. Бензин кезең-кезеңімен, шамамен 10 мың тоннадан жөнелтіліп отырады, — деді Қанат Бозымбаев.

Сонымен ол БАҚ өкілдерінің «жанармай экспортқа шығарылғаннан кейін ішкі нарықтағы бензин бағасы жазғы уақытта литріне 200 теңгеге жетуі мүмкін» деген қаупін де сейілтті.

— Ол мүмікн емес. Бензин бағасы осы жылдың басында 160-165 теңге болды. Ал қазір қарасаңыздар АИ-92 бағасы өңірлерде 150-155 теңге шамасында. Яғни, бір литрі 10 теңгеге арзандаған. Үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары қолға алынып, бензин артығымен өндіріліп жатыр. Егер бензинді экспортқа шығарар болсақ, онда оны кезең-кезеңімен, квотамен  жөнелтеміз, — деді министр.

Бұған дейін Қанат Бозымбаев алдағы уақытта көрші елдермен қажетті келісімшарттар жасалғаннан кейін артық бензин экспортқа шығарылатындығын мәлім еткен болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.