2026 жылдың 9 мамырында «Mamma mia» кешенінде “Таэквон-до WT”және «Ордабасы» ұлттық командалық ойыны бойынша Отан қорғаушылар күніне арналған халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ұйымдастырушы – «Ордабасы» Қазақстан командалық ойын федерациясы» РҚБ.
Жарыстың бірінші күні қатысушылардың ережелер мен шарттарды дұрыс меңгеруі, сондай-ақ спорттық дайындық деңгейін көрсетуімен басталды. Ерекше атап өтерлігі, сайыскерлердің шеберлігі мен дайындығы олардың өнер көрсету барысында бірден байқалды.
Атаулы ойынның иесі, ойлап тапқан авторы ҚР Спортына еңбегі сіңген спорт қайраткері, ҚХА мүшесі, аталған федерация президенті Руслан Бакирович Исмазов екенін еске сала кетейік.
Турнирдің ашылу салтанатында Жібек жолы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Олжабаев, Өзбекстан Джун Ри федерациясының төрағасы Мирсултан Мирджалалов қатысушыларды турнирдің ашылуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова да жиналған көпшілікке ізгі тілегін арнады.
Турнирдің алғашқы күні өз мәресіне жеткен соң, жарысқа белсенді қатысып, жоғары шеберлік көрсеткен өскелең ұрпақ өкілдері арнайы марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар табысталды.