Қазақстанда мекендемейтін аң түрі Маңғыстаудан табылды

0 354

Қазақ жерінде жоқ қабылан Маңғыстауға ауып келді, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі Хабар 24-ке сілтеме жасап.

Түз тағысының жүргенін Үстірт мемлекеттік қорығының қызметкерлері түн ортасында фототұзақ арқылы анықтаған. Аймаққа алабарыс соңғы рет осыдан үш жыл бұрын келіпті. Ол адамдарға шабуыл жасағандықтан, көзі жойылған. Бұл жолғы жыртқыш «Жаман Кендірлі» бұлағының маңына келген. Мамандардың айтуынша, ол шекаралас жатқан Түрікменстанның Балқан облысынан жемтік іздеп келуі мүмкін. Себебі қазір қорықта жыртқыштар қоректенетін арқар мен қарақұйрық көбейген. «Қабылан – Қазақстандағы аң-құстардың тізімінде жоқ. Қолда бардан айырылып қалмау үшін оны Қызыл кітапқа енгізіп, қорғауға алу қажет», – дейді қорық қызметкерлері. Еліміздің батысындағы жалғыз қорықта қазір сүт қоректілердің 30, жыртқыш аңдардың он шақты түрі мекендейді.

Жасқайрат Нұрмұхамбетов, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары:

– Негізі алабарыс Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына, Қазақстанның фаунасы тізіміне де енгізілмеген. Қазіргі таңда Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері Орман және аң шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне алабарыс жануарын тез арада Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізу туралы ұсыныс жасауда. Алабарысты қолға алуды жоспарлауда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.