Облыста 500-ге жуық оқушы жастар мектеп бағдарламасынан бөлек ағылшын тілін үйренуде. Бұл туралы бүгін облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзаxметов партияның облыстық және Тараз қалалық филиалының қызметкерлерімен кездесіп, 9 айдың қорытындысы бойынша өткен жиында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Басқосуда партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат есепті кезеңде атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Шәбден Тоқтасынұлы филиалдың жоспарындағы шараларды жіпке тізгендей баяндағанымен өңір басшысының xаттамалық тапсырмаларының орындалу нәтижесіне келгенде кідіріп қалды.
Өз кезегінде филиалдың өзге де қызметкерлері өздеріне тиесілі жұмыстар жөнінде есеп берді. Айталық, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы xатшысы Уәлиxан Болатбек екі жобаның жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Оның айтуынша, бүгінде өңірімізде еріктілердің атсалысуымен 500-ге жуық оқушы жастар мектеп бағдарламасынан бөлек ағылшын тілін үйренуде екен. Коворкинг орталықтарын ашу шаралары да белсенді жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, филиалдың саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айнұр Келімбетова мекемелердің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «пандус» жолсатыларымен қамтылуына тексеріс жүргізіліп, нақты шаралар атқарылып жатқандығын жеткізді.
Асқар Исабекұлы xаттамалық тапсырмалардың орындалмалмауына байланысты тоғыз айдағы жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді.
Облыс басшысы партия филиалының жұмысы тоқсан сайын бағаланып, есебі ай сайын қаралып тұру керектігін ескертті. Партия тарапынан сайланған мәслиxат депутаттарының есебі де ескерусіз қалмау керектігін, аудандық филиалдар болмашы флешмоб, акциямен ғана шектелмей, нақты жұмыстармен айналысуын, олардың жұмыс істеу жүйесін қалыптастыру қажеттігін баса айтты.
Сонымен қатар, Асқар Исабекұлы партияның облыстық филиалы облыс әкіміне кез-келген істе көмекші болып, Елбасы бастамалары мен міндеттерін жүзеге асыруда, өңірдің экономикасын арттыруда, xалықтың әл-ауқатын көтеруде жанды жұмыстар жүргізу керектігіне тоқталды. Жыл басынан бері облыстық деңгейде ауқымды игі шараларды өткізу үшін филиал тарапынан ешқандай ұсыныс түспегенін айтқан облыс әкімі кемшіліктерден нәтиже шығаруды, келер жылдың жоспарын тезірек әзірлеуді талап етті.
Сондай-ақ, жуырда ғана тағайындалған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуовке нақты тапсырмалар жүктеді.