Әулиеатада дін мен дәстүр сабақтастығы кеңінен насихатталды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында облыстық «Қазақстан студенттерінің Альянсы» Жастар қоғамдық бірлестігі төрағасы Әлібек Мұратбаев, «Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб-имамы Бахтияр Әмреев, облыс әкімдігінің «Оңалту орталығы» мекемесінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы Азамат Балхожаевтың қатысуымен өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Спикерлердің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматшалар арасында бейімдеу жұмыстары, сондай-ақ, Шу, Қордай аудандарында және Тараз қаласының мешіттерінде азаматшалармен кездесу-семинарлар ұйымдастырылды. Іс-шараларға дінтанушы Зейнеп Усенова мен Гүлжан Алдасаева және психолог Айгул Абдрахманова мен Арайлым Абдуалиева қатысып түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бүгінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министірлігімен келісілген тақырыптық әдістемелік құралдар шығарылды.
Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ тапсырысы аясында «Дін мен біліктілікті жетілдіру аясында отандық діни оқу орындарында білім алудың маңыздылығын түсіндіру» жобасы бойынша әр түрлі санаттағы облыс және аудан тұрғындары, оның ішінде жоғары және арнаулы орта оқу орындарының 14-29 жас аралығындағы жастар арасында «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында кездесулер, әңгімелесулер, «дөңгелек үстел» отырыстарын, семинарлар циклын ұйымдастыру жұмыстары өткізілді.
Сонымен қатар, діни экстремизмнің алдын алу және қоғамдағы Конфессияаралық тұрақтылықты сақтау бойынша журналистер арасында Республикалық «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында байқау өтті. Аталмыш байқаудың қорытынды кеші ағымдағы жылдың 22-қазан күні Жамбыл облыстық қазақ-орыс драма театрында белгілі болды.
Журналистер байқауға үш номинация бойынша сайысқа түскен болатын. Олар «Үздік әлеуметтік ролик», «Үздік мақала», «Белсенді блогер». «Үздік әлеуметтік бейнеролик» номинациясы бойынша 15 қатысушы бақ сынап, арасында 3-орын Бауыржан Жұмат, 2-орын Серікбол Берікқожа, 1-орын Қырмызы Молдабекова иеленсе, бас жүлде 500 мың теңгені Тараздың тумасы Даулет Жаманқұлов қанжығасына байлады. Жарысқа Қызылорда және Алматы қалаларының азаматтары да қатысты. «Үздік мақала» номинациясы бойынша 21 қатысушы өтінім білдірген. Суырылып өз қаламының қарымды екенін дәлелдей білген, яғни 3 және 2 орын Әбдіш Әбдісамат пен Қызылордалық Жадыра Аққайырға бұйырса, 1-орынды Айжан Узбекова алды. Ал бас жүлде 300 мың теңге қаламы мұқалмайтын Есет Досалыға бұйырыпты. Әлеуметтік желіні жілікше шағатын «Үздік блогер» номинациясы бойынша 14 белсенді блогер қатысты. Оның ішінде 3-орынды Аружан Оспанова, 2-орынды Б.Малғаждар және 3-орынды Мөлдір Әшірбек қанағат етті. «Үздік блогер» номинациясы бойынша өзінің белсенді блогер екенін дәлелдей білген Айбек Сатанбек бас жүлде 150 мың теңгенің иесі атанды. Соынмен бірге, 4 және 5 орынға ие болған журналистерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.