Жамбыл облысында бүгінгі күні 6 банктің филиалы жұмыс істейді. Олар ЦентрКредит Банкінің, АТФ Банктің, Халық Банктің, Цеснабанктің, Еуразиялық Банктің және Форте Банктің филиалдары. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің» Жамбыл филиалы директоры Евгений Шарыгин, «Банк ЦентрКредит» АҚ Тараз қаласындағы филиалының директоры Бекдауыл Иптилдаев, «Цеснабанк» АҚ филиалының директоры Ғалымжан Доланбековтың қатысуымен өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Спикерлердің айтуынша, мемлекет басшысының ағымдағы жылдың наурыз айында ұсынған 5 әлеуметтік бастамасынынң бірін іске асыру шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі жаңа «7-20-25″ Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын бекітті, сондай-ақ, «Баспана» ипотекалық ұйымы» құрылды.
Бағдарлама басқа мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың аясында едәуір ерекшеленеді. Нысаналы индикаторларға сәйкес ипотекалық кредиттердің жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайды. Халыққа 7% тарихи төмен мөлшерлеме бойынша, кредиттелетін тұрғын үй құнының 20% мөлшерінде бастапқы жарна, сонымен бірге, 25 жылға дейін кредит мерзімімен ипотекалық кредит алудың теңдессіз шарттары ұсынылады.
Айта кетейік, бағдарлама халыққа бастапқы тұрғын үй алуына есептелген. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25 миллион теңге, ал қалған өңірлер үшін (оның ішінде Жамбыл облысы үшін) — 15 млн теңге деп белгіленді.
Қазіргі таңда «Баспана» арнайы компаниясы Центркредит Банкімен, Халық банкпен, Еуразиялық Банкпен, Цесна Банкпен, АТФ Банкпен, РБК Банкімен, Тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен және Форте Банкімен келісімге қол қойды.