«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің 495 шақырымы Жамбыл облысы арқылы өтеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Мұнда 2020 жылға дейін халықаралық талапқа сай 5 сервистік қызмет көрсету кешені салынады. Қазірдің өзінде оның төртеуі пайдалануға беріліп, табысты жұмыс істеп тұр. Өңірдегі 7 ауданды бойлай өтіп жатқан күре жолдың маңайындағы ауыл-аймақтың тіршілігі де тіктеліп, көлік қозғалысы арта түскен.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі арқылы орташа есеппен тәулігіне 7500 көлік қатынайды. Олардың 84 проценті жеңіл және шағын автобустарға, 10-ы ауыр жүк тасымалдайтын көліктер мен төрт жарым пайызы автобустарға тиесілі.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің 495 шақырымы Жамбыл облысын басып өтеді. Жол маңайындағы сервистік қызмет көрсету орталықтарындағы жолаушылар саны да артқан. Мұнда бұрындары ұзақ жолға қатынайтын 10 шақты көлік келіп тұрса, қазір олардың саны 50-60 қа жеткен.
Облыста бүгінгі таңда 61сервистік қызмет көрсету орталығы бар. Оның 23-і ұлттық стандартқа сай болса, 38-інде сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар бұл бәсекелестікті арттырып, жаңа жұмыс орындары мен экономиканың өркендеуіне үлес қосары анық дейді.
— 2018 және 2020 жылдар арасында біз 9 объектінің салынуын жоспарлап отырмыз, бұларда А, Б, С, Д санаттарына жатады. Бұл жергілікті кәсіпкерлерімізге де қолайлы жағдай болайын деп тұр, себебі кіріс көздері көбейеді, — дейді облыстық туристік ақпараттық орталықтың директоры Ұлан Жолдықұл.
Туризм саласының дамуы да көлік инфрақұрылымына тікелей байланысты. Өңірде биылдың өзінде саяхаттаушылардың саны екі есеге ұлғайып, 198 мыңды адамды құраған. Бұл өңір үшін көліктік-логистиканы дамытудың маңызды қадамы екендігінің тағы бір айғағы.