Петропавлда қарашаның басында өтетін шекаларас аймақтардың форумында Қазақстан мен Ресей президенттерін робот қарсы алады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі ktk.kz — ке сілтеме жасап.
Тэспиан атты құлтемір екі ел басшыларымен екі тілде сәлемдесіп, қонақтарға «Қара жорға» биін билеп бермекші. Ағылшыннан аударғанда «актер» деген мағына береді. Балалар оны «Тасқын» деп атап кеткен.
42 миллион теңге тұратын құлтемір 17 тілде сөйлейді. Атына сай классикалық қойылымдардан үзінді оқиды. Ғаламтор желісінен ажырап, сауалыңызға жауап бере алмаса, ұялғаннан беті қызарады. Адаммен кәдімгідей тілдесіп, әзірге шет тілінде ғана ән салатын Тасқын, инженерлер тиісті бағдарлама орнатса, қазақтың «Дайдидайын» Димашпен бірге дуэт болып айтуға дайын екен.
Алдағы айға жоспарланған саяси шарадан соң, «Тасқын-Тэспиан» оқушылар сарайына келетін балаларға сандық технологияларды меңгеруге көмектеспек.
Құлтемір «Нұрсұлтан Әбішұлы, Владимир Владимирович, осы біздің қазақ жеріне қош келдіңіздер» деп қарсы алады. «Қара жорғаны» билеп, қазақша ән айтады екен.