«Тараз» футбол орталығының 2000 жылы туған жасөспірімдер командасы Алматыда өткен шешуші ойында «Академия Қайратты» 1:0 есебімен тізе бүктіріп, еліміздің чемпиондары атанды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жартылай финалдық кезеңдерде жеңіске жеткен төрт команда Алматыда бас қосты. Екі ойыннан кейін «Тобыл» мен «Семейді» жеңген қайраттықтар сенімді түрде көш басында келе жатқан. «Семейді» 1:0 есебімен ұтып, қостанайлықтармен 1:1 есебімен тең түскен «Тараз» екінші орында тұрды.
Тартысты өткен ойын барысында, кездесудің екінші таймында қарсыластарының қақпасына аса қажет голды соққан тараздықтар алматылықтардың өз қақпаларына доп салуына еш мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде жеңіске қол жеткізілді!
Сүйін Молдашбаевтың командасы еліміздің жастар және негізгі клубтарының ең жақын резервтері болып табылатын футбол орталықтары мен академияларының арасында республика чемпиондары атанды.