Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын реформалау мақсатында қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жаңа заң жобасында ұсынылып отырған негізгі мәселе — «бір үй — бір мүлік меншік иелері бірлестігі — бір есепшот» қағидасы бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасын құру.
— Аталған заң жобасын кешенді түрде қарастырудамыз, өйткені бұл салада жүйелі түрде қарастыратын мәселелер жеткілікті. Бір ғана мысал, халықты жиі мазалайтын ПИК мәселесі. Тұрғындар, біз ай сайын тиісті ақшаны төлеп жатырмыз, неге дұрыс жұмыс істемейді деп жиі сұрақ қояды. Сондықтан жаңа заң жобасын қарастыруда біз оның жұмысына тұрғын үй құқықтық қатынастарының барлық өкілдерін қатыстырудамыз. Олардың қатарында «Атамекен» ҰКП, тәуелсіз қауымдастықтар, пәтерлер мен үй-жайлар иелері, үй-жайлар республикалық қауымдастығы және инновациялық компаниялардың өкілдері және тағы басқалар бар, — деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Жаңа заң жобасы бойынша бүгінде еліміздің әр өңірінде пилоттық жоба іске қосылған. Қазіргі уақытта оған қатысу үшін ел бойынша 190 көппәтерлі тұрғын үй, 28 ПИК және 51 табиғи монополия субъектілері іріктеліп алынды.
Бұдан бөлек, заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға қалаға бірыңғай сәулеттік көрініс беру үшін жергілікті бюджеттен қасбеттер мен шатырларды жөндеуге, су басу аймақтарындағы тұрғын үйлердің беріктігін жақсартуға, қайтарымды негiзде мүлiктің меншік иелерi бiрлестiгi қатысушыларының шығындарын өтеу арқылы жергілікті бюджет есебінен лифтілерді ауыстыру және жөндеу жұмыстары бойынша қосымша өкілеттіктер беру көзделген.
— Заң жобасында жергiлiктi органдарға өңiрге, халықтың тұрмыс деңгейiне, аймақтағы орташа жалақыға және көппәтерлi тұрғын үйлердің конструктивті жобалау ерекшелiктерiне байланысты пайдалану шығындарының ең төменгi мөлшерiн белгiлеу құзыретi беру көзделген, — дейді вице-министр.
Сондай-ақ, оның айтуынша жаңа заң жобасында тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің де ортақ мүлікті күтіп ұстауға байланысты барлық ортақ шығындарға қатысуы қарастырылған.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек елімізде ТҮКШ саласын жан-жақты қолдау үшін реформалар жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.