Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, «Қараалма» тау шаңғы базасының құрылысымен танысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бүгінде тау шаңғы базасының құрылыс жұмыстары 60 пайызы аяқталған. Қонақ үй-котедждері, туристерге қызмет көрсету сервистік кешенінің құрылысы салынуда.
Сондай-ақ, жеті шақырымдық жол салынып, инфрақұрылым тарту жұмыстары қызу жүргізілуде. Керек құрал-жабдықтардың дені жеткізілген. Құрылыс басындағы жұмысшылар ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, күн-түн демей білек-сыбана еңбектенуде.
Айта кету керек, мұнда демалыс кешенінде қонақтар жыл он екі ай бойы демалуға мүмкіндік алады. Жаз мезгілдерінде саумалмен, қымызбен емдейтін, атпен серуен құратын орындар ашылады деп күтілуде.
Жалпы, нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Жобаның жалпы құны – 4 миллиард теңге. Туристік нысан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының бойынан 7 шақырым қашықтықта, Алатау тауының баурайында теңіз деңгейінен 1 600 метр биіктікте бой көтеруде. Сонымен қатар, Алатау тауының ұшар басынан кешенге дейін 2 500 метр сырғанау жолағы түседі екен. Аспалы жолдың құрылысы да жүзеге асырылуда. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізілген.
Асқар Исабекұлы жауаптыларға мұндағы барлық жұмыстарды сапалы әрі жоспар бойынша уақытылы аяқтауды жүктеп, аспалы жолды монтаждау, орнату шараларын мерзімінен кешіктермей атқару керектігін тапсырды.