Бүгін Қордай ауданында ҚР Тұңғыш Президенті мерекесі қарсаңында Алға ауылдық округіне қарасты Көгадыр елді мекенінде медициналық пункт пайдалануға берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA.
Жаңадан бой көтерген ғимаратта ем-дом жасауға барлық жағдай жасалынған. Медициналық мекемеде үш адам қызмет етіп, бір ауысымда бес адамды қабылдай алады. Ғимарат іші жарық, әрі жылы, заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда алғашқы медико-санитарлық көмек, екпе егу, скриниг, акушер креслосы және ЭКГ аппаратында жүрек қағысын тексеруге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, бекітілген график бойынша ауданнан дәрігерлер келіп, тұрғындарды қабылдайды. Көгадыр медициналық пункті Ноғайбай дәрігерлік амбулаториясына қарайды. Айта кетерлігі, жобалық құны 47 700 000 теңгені құраған нысан құрылысын «N-Keys» ЖШС атқарған.
Көгадырлықтардың қуанышымен бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова, аудандық мәслихат депутаты Біржан Әлімбет және өзге қонақтар келді. Қадірлі қонақтар ауыл тұрғындарын ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесімен және жаңа ашылған медициналық мекеме тұсаукесерімен құттықтап, игі тілектерін білдірді. Көгадырлықтардың атынан жергілікті ардагерлер кеңесінің мүшесі Тілеужан Жұматаев сөз сөйлеп, Біржан Әлімбет екеуі салтанатты түрде лентаны қиды. Бұдан соң жиналған қауым аудан өнерпаздары мен талантты жастардың концертін тамашалады.
— «Елбасының бастамасымен шалғай ауылдарға ерекше көңіл бөлініп келеді. Міне, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ауылымызға су жаңа медициналық пункт салынды. Енді тұрғындар үшін аудан орталығына бармай-ақ, Көгадырда ем қабылдауға мүмкіндік туды. Көгадырлықтар атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғысымды білдіргім келеді», – деген ауыл тұрғыны Тоғжан Керімқұлова қуанышын жасырмады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жамбыл облысында 41 нысан ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Оның 32-і медициналық нысан болса, 2-і полиция бөлімшесі,7-і жекеменшік балабақша.