Жүру денсаулыққа аса пайдалы. Жаяу жүру — адам ағзасының физикалық жағдайын жақсартатын тиімді құрал. Әсіресе жүрек бұлшық еттерінің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасайды. Күнделікті күйбең тіршілікпен қанша шақырым жол жүріп, қанша қимыл-қозғалыс жасағанымызды қаперге ала бермейміз. Десе де технология дамыған заманда қимыл-қозғалысымыз азайып бара жатқанын мойындауға тиіспіз.
Мамандар күніне кем дегенде 30 минут жаяу жүрудің пайдасын былайша тізбектейді:
— Рухани сергектік береді. Мезгіл өзгерістерінде әсіресе күз айларында депрессияға бейімділік байқалады. Ал жаяу жүру шоколадтан да көп бақыт гормонының түзілуін қамтамасыз етеді. Оның үстіне калориясыз түрде.
— Ми жақсы жұмыс істейді. Миға қатысты зерттеулер қозғалыстағы адамның миы отырып жұмыс істейтін адамға қарағанда жылдам ойланатыны және жаңа пікірлер қалыптастыра алатындығы анықталған.
— Арықтауға көмектеседі. Үйден жұмысқа, жұмыстан үйге кем дегенде 30 мин жаяу жүретін болсаңыз, майдың еруіне 2 пайызға ықпал еткен боласыз.
— Сондай-ақ зерттеулер асықпай, баяу жүруге қарағанда бір қалыпты жылдам темпті жүрудің пайдасы көбірек екендігін көрсеткен.
— Созылмалы аурулардан қорғанасыз. Жаяу жүру қан қысымын 11 балға азайтады және сал ауруына шалдығу қауіпін 20-30 пайызға азайтады. Аптада 5 күн 30 минут жаяу жүру арқылы жүрек ауру қауіпін 30 пайызға азайта аласыз.
— Жүйелі түрде жаяу жүру варикоз ауруы қауіпін азайтады. Қан айналымын ретке келтіреді.
— Жаяу жүру салмақ тастатып буындарға түсетін жүкті азайту мен қатар оттегінің буындарға жақсы тарауын қамтамасыз етеді.
— Өзіңізге уақыт бөле алмай жүрген болсаңыз жаяу жүріңіз. Адам көбінесе жүрген кезде жеке қалады және ойланады. Тұрмыс-тіршілігіңізді талдау, келеңсіздіктерге шешім іздеу, көпшіліктен жырақ шығып ішкі сезімдерді тыңдау үшін жаяу жүруді байқап көріңіз.
Дереккөз: bilim-all.kz