Жамбыл облысында су электр станциясы салынып жатыр

0 21

Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Көксай каналының бойында су электр станциясының құрылысы жүріп жатыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жоба құны 5 миллиард теңге болатын 18 мегаваттық су электр станциясының құрылыс жұмыстары 2019 жылдың маусым айында аяқталып, іске қосылады деп күтілуде.

Алдағы уақытта онда барлығы 4 судан тоқ өндіру станциясы салынбақ. Қазіргі таңда 2 станцияның негізі қаланып, бетондау жұмыстары атқарылуда.

«Құрылыс жұмыстарын 3-қарашада бастағанбыз. Келер жылдың жазында аяқтауды мақсат етіп отырмыз. Күннің суығына қарамастан жұмысты жүйелі түрде жүргізу үшін 3000 мыңдай текше метр топырақты шығарып, арнайы жертөле қазып алдық. Цементтеу жұмыстарын үсікке ұрындырмай, сонда жасап жатырмыз. Барлығы 60 жұмысшы еңбек етуде»,- дейді құрылыс прорабы Қанат Әбдірахманов.

Еске сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға қарай қазақстандықтар тұтынатын электр энергиясының жартысы баламалы жолмен өндірілуі керектігін тапсырған болатын. Бүгінде Президент жүктеген жұмыс жүзеге асыруда Жамбыл облысы республика бойынша көш бастап келеді. Күннен, желден және судан энергия өндіретін 168 мегаваттық 10 станция бар. 2020 жылға дейін облыста болашақ энергия көздерін арттыруға бағытталған тағы 5 нысан салынады деп жоспарланған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.