Елімізде коммуналдық қызметтердің бағасы келер жылдың 1 қаңтарынан бастап арзандайды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бірақ кейбір аймақтарда бұл шара бүгіннен бастап күшіне енді. Атап айтқанда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Семей қаласында жылу бағасы 36,8 пайыздан 1 пайызға дейін арзандады. Сондай-ақ, Жамбыл облысында сумен жабдықтау құны 22 пайызға, ал су бұру тарифі 0,4 пайызға төмендеді. Коммуналдық төлемдер тарифін арзандатудың нәтижесінде тұрғындар жалпы алғанда 27 жарым млрд. теңге үнемдейді. Төмендетілген тариф құны әр өңірде әрқилы. Мәселен, Астана, Ақтөбе, Орал қалаларында жылдық үнемдеу шамамен 9 мың теңгені құраса, Өскеменде 3 мың теңге. Ал Шымкентте 10 мың теңгеге жетіп отыр.
Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
— Жаңа жылдан кейін бұрынғы баға болады, бұрынғы төлем, астында жазу болады. Осындай мәселе бойынша біз компенсациялық тарифтерді енгізіп, бағаны осылай түсірдік. Содан кейін қорытынды баға болады. Адам түсінуі үшін. Жұмыс өткізілді, тарифті түсірдік.