ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин тұмау бойынша елдегі эпидемиялық жағдайды баяндады. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бүгінде Қазақстанда зертханалық түрде расталған тұмаудың 44 жағдайы тіркеліп отыр. Әсіресе, Астана мен Алматы қалаларында жиі кездеседі. Әрине, бұл қалаларда халық көп, аурудың таралуы қаупі жоғары. Қазір жедел респираторлық аурулар тіркеліп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы аурулар көрсеткіші 8%-ке төмен», — деді Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, алыс-жақын шетелге саяхаттайтын тұрғындар да елдегі тұмаудың таралуына ықпал етеді.
«Қаңтар айының ортасында тұмау мен ЖРВИ-дің (жедел респираторлық вирусты инфекция) үдейтін кезі деп болжап отырмыз. Себебі жаңа жылдық демалыста халық алыс-жақын шетелге барып, неше түрлі вирустарды әкеледі. Тұрмау мен ЖРВИ ауа тамшылары арқылы таралады және олар үшін шекара жоқ. Елеусіз болып келеді де, ормандағы өрт секілді бірден тарайды. Сондықтан ауру белгісі байқалған тұрғындардың бетперде киюін, адам көп жиналатын орындарға бармауын сұраймыз», — деді бас санитарлық дәрігер.