Хабар арнасының көпшіліктің көңілінен шыққан, көрерменнің таным көкжиегін кеңейтетін бағдарламаларының бірі — «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы. Бағдарлама жақында 12 жылдық үзілістен соң эфирге қайта шықты.
Тележобаның мазмұны, форматы өзгермеген. Тек жүргізушісі өзгерді. Көпшілікпен қайта қауышқан бағдарламаны қазір белгілі журналист, тележүргізуші Досымбек Өтеғалиев жүргізеді. Досымбек ағадан зияткерлік бағдарламаны жүргізудің қиындығы мен аудиторияның интеллектуалдық деңгейі туралы түйген ойларын сұрап көрдік.
Досымбек мырза, «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасының сұрақтарын кім ойлап табады? Оның күрделілігін, қиындығын саралайтын сарапшылар бар ма? Google білмейтін сұрақтарды құрастыру қаншалықты оңай?
Жалпы, «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасын шығаруға 20 шақты редактор атсалысады. Негізінде, сұрақтарды редакторлар жазады. Әр сұрақ екі-үш рет тексеруден өтеді. Әрине, бұл бағдарламада ірі сомадағы ақша ойнатылғандықтан, сұраққа мұқият болу маңызды.
Жалпы, «Миллион кімге бұйырады?» — ағылшынның Sony Pictures компаниясы шығарған телевизиялық өнім. Бағдарламаны сол компанияның талабына сай жасаймыз. Ал талап бойынша әрбір редактор сұрақтарды қайдан алатыны, дұрыс жауабы мен сұрақтың мәтіні жайлы ешкімге тіс жармауға, сонымен қатар сұрақтарды ғаламтордан емес, энциклопедиялық оқулықтардан іздеуге міндеттеледі. Тіпті, арнайы құжат толтырып, келісімшартқа отырады. Әр сұрақтың күрделілігі, жеңілдігі міндетті түрде ескеріледі. Апта сайын редакторлар жиналып, сұрақтарды талқылап, күрделілігі мен жеңіліне қарай бөліп, саралайды. Содан кейін ғана әр саланың мамандарымен кеңесіп, дайын сұрақтарды арнайы базаға тіркейді.
Сұрақтардың жазылу процесі осындай бірнеше кезеңнен өтеді. Франшизаны шығарушы компанияның талабына сай көңілді, қызықты сұрақтар көп болуы керек. Ал енді Google мәселесіне келер болсақ, қай сұрақтың жауабы дәл сол желіде бар-жоғын саралап отыру мүмкін емес. Өйткені ғаламтордың өзі шеті мен шегі жоқ ірі мұхит іспеттес қой. Сондықтан «кей сұрақтың жауабын Гуглдан таба алмайсың» деудің өзі артық сияқты.
Сауалдардың көпшілігі қай тақырыпта болады? (Қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы немесе астрономия, физика заңдары)
Әрине, жер бетінде қанша ғылым саласы болса, соның барлығына сай сұрақ дайындалады. Бірақ редакторлар қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қатысты сұрақтарға басымдық береді. Кейде ойыншылар «Оян, қазақ!», «Маса» сияқты әр қазақ білуге тиіс шығармалардың авторын білмей сүрініп жатады, мұндайда «Қап, әттеген-ай» деп бармақ тістеп қаламыз. Байқағанымыз, ойыншылар шетелдік шығармалар, шетелдік ғалымдардың еңбегі, өнертапқыштар туралы сұрақтарға жылдам әрі дұрыс жауап берсе, туған еліміздің тарихы туралы сұрақтың жауабын білмей, тосылып қалады. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында қазақ мәдениеті, әдебиеті, тарихынан көп сұрақ қоюға тырысамыз.
«Бармақ басты, көз қысты» жолмен жүлде алып бер деп қолқа салған жақындарыңыз, таныстарыңыз болды ма?
Шынымды айтсам, «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасын жүрігізіп бастағалы, әзіл мен шынды араластырып, қолқа салып, «Миллион алсақ, бөліп береміз, көмектесіп жіберсейші» деп айтатындар көбейді. Бірақ бағдарламаның шарты бойынша шығармашылық топ, түсірілім тобындағы қызметкерлердің туыстары немесе жақын достары бағдарлама қатысушысы атана алмайды. Бұл — бір. Екіншіден, бармақ басты, көз қысты әрекетпен бір танысымыз қатысушы атанған жағдайда оған қандай сұрақ қойылатынын ешкім білмейді. Себебі, сұрақты компьютер таңдайды. Сондықтан, өкінішке қарай, ешкімге көмектесе алмаймыз.
Интернет дамыған заманда «жақындарыңа хабарлас» деген көмектің қажеттілігі қаншалықты? Хабарласқан туысы интернетті ақтарып, дұрыс жауапты біліп отыруы мүмкін ғой.
Сұрағыңыз орынды. Ондай күдік бізде де бар. Дегенмен, «Миллион кімге бұйырады?» әлемдік деңгейдегі франшизалық бағдарлама болғандықтан, біз шартын өзгерте алмаймыз. Үш жеңілдік берілуі керек пе, онда сол талапқа бағынуымыз керек. Бірақ шапшаң қимылдайтын, смартфонды жетік меңгерген біреу болмаса, 30 секундтың ішінде ғаламторды ақтарып, сұрақтың дұрыс жауабын табу оңай емес. Бір жағынан, бұл жеңілдік, былайша айтқанда көмек беру. Оны пайдаланудағы мақсат — сұрақтың дұрыс жауабын табу. Сондықтан, ойыншы «досқа қоңырау шалу» жеңілдігін пайдаланғанда, досы оған қалай көмектессе де, өз еркі. Бұл жерде біз ештеңені бақылай алмаймыз ғой. Бірақ көп жағдайда достары қателесіп жатады немесе сұрақтың жауабын іздеп әуре боп отырғанда, уақыт бітіп қалады.
Түсірілімге 1 сағат қалғанда сіз қандай күйде боласыз?
Түсірілімге бір сағат қалғанда, түсірілім алаңына келемін. Мен ортаға шығамын дегенше, редакторлар ойыншылармен дайындық шараларын өткізеді. Бағдарламаның шартымен таныстырып, бірнеше іріктеу сұрақтарын қойып, ойыншыны моральдық тұрғыдан дайындайды. Өйткені ойыншылар бұрын-соңды түсірілім алаңына келмеген, мұндай процестің қалай жүретінін білмейді. Ойыншы тұрмақ, өзім де әр түсірілімнің алдында қобалжимын. Былай қарасаңыз, теледидардан 45 минуттық ойын зулап өте шыққанмен, түсірілім алаңындағы атмосфера басқаша болады. Оның үстіне, анау-мынау емес, қомақты қаржы ойнатылады. Бәрін бақылап отырған қырағы көз көп.
Телевизиялық бағдарламаларға қатысты сын айтушылар көп. «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасының іріктеуі қалай жүргізіледі? Іріктеуден өтпей қалған азаматтар өкпе-назын жиі айта ма?
Шарт бойынша ойынша студияға келместен бұрын екі іріктеу кезеңінен өтеді. Алғашқысы — 3698 қысқа номеріне «К1» деген сөзді жазып, СМС жолдау. СМС жолданғаннан соң 9684 номерінен сұрақ келеді, сұраққа дұрыс жауап берсеңіз, номеріңіз базаға тіркеледі. Түсірілімге екі апта қалғанда продюсерлер компьютерлік рандом арқылы 300 номерді іріктеп алады, егер сол 300-ге сіздің номеріңіз іліксе, редакторлар қоңырау шалып, іріктеудің екінші кезеңін өткізеді. Екінші кезеңде 5 сұрақ қойылады, сол бес сұраққа дұрыс жауап берген ойыншы ғана студияға шақырту алады.
Көбіне «СМС жібердім, құны неге қымбат?», «Үш СМС жібердім, неге маған ешкім звондамайды?» деген сұрақтар қойылады. Біріншіден, бұл операторлық қызмет болғандықтан, ақылы болуы орынды. Номерлерді іріктеуде де «бармақ басты, көз қысты» әрекетке жол берілмейді, барлығы да компьютердің еншісінде. Компьютер іріктеп берген 300 номердің ішінде сіздің номеріңіз болса, редакторлар міндетті түрде хабарласады. Ал 300-дің ішінде номеріңіз болмаса, онда сәті түспеді деген сөз. Біз мұндайда ештеңе өзгерте алмаймыз. Ал негізінде барлық ақпаратты инстаграм желісіндегі million_tv парақшасынан білуге болады.
Жаныңыз ашып, қатысушыға бүйрегіңіз бұратын кез бола ма?
Бастапқыда ойыншыларға көмектескім келіп, бүйрегім бұрып тұратын. Әрине, барлығының миллион ұтып кеткенін қалайсың ғой. Бірақ бәріне бірден көмектесуге тағы болмайды. Қанша жаның ашып, бүйрегің бұрып тұрса да, алдыңа қойған міндетті орындау керек. Оның үстіне бағдарламаны ағылшындар да тексеріп, көреді. Бір әрекеттің бағдарлама заңына қайшы келгенін немесе залдағы көрерменнен, жүргізушіден, айналадағы редакторлардан әлдебір көмек болғанын байқаса, ойынышының жеңген сомасы жойылады. Сол себепті бір адамның бағын байлауға да болмайды. Шығармашылық топ, түсірілім тобы барынша сақ болуға тырысамыз.
Дереккөз: ҚазАқпарат