Қытай елі ғарышты игеру бойынша АҚШ және Ресей мемлекеттерімен теңесті. Қазір орбитада жерден басқарылатын 11 аппараттары бар. Онда 11 ғарышкер жұмыс істейді. Ұлттық ғарыш басқармасының бұрынғы басшысы Луань Эньцзенің айтуынша, Қытай жоғары технологиялы саланы дамытуды жалғастыра бермек.
Нұрбек Бекен, Twitter @NurBekenov:
— Биыл Қытай ғарышқа зымыран ұшыру бойынша бірінші орынға шықты. Көкке 35 кемесін сәтті жөнелтті. Бұл саланың державалары АҚШ – 30, ал Ресей 15 зымыран жіберген. Елдің 2014-ші жылы ғарышты игеруге жеке инвестицияларды тартуы нәтижесін бергендей.
Мәселен, Бейжіңдегі «Landspace» компаниясы 2015 жылы ғана құрылған. Алғашында 10 адам ғана жұмыс істеген кәсіпорынның қазір 200 қызметкері бар. Енді ғарышқа наноспутниктер мен адам ұшыруды жоспарлап отыр. Ал LinkSpace деп аталатын тағы бір қытайлық компания 2020 жылға қарай тігінен ұшып, тігінен қонатын зымыран жасамақшы.
Луань Эньцзе, Қытай Ұлттық ғарыш басқармасының бұрынғы басшысы:
— Қазір Қытайдың ғарыш индустриясында 300 мыңдай маман жұмыс істейді. Олардың өз әдістемелері, қағидалары және бастысы ғарышты игерсем деген арманы бар.
Қытай өз ғарыш индустриясын дамытып қана қоймай, басқа елдерге де қол ұшын берді. Бірқатар мемлекеттерге ауа райы мен теңізді бақылау үшін коммерциялық жер серіктерін ұшыруға көмектесті.
Ал 2020 жылы іске қосылатын ұлттық «Бэйдоу» жүйесін бүкіл әлем пайдаланады. Бүгінде Қытаймен ғарыш саласы бойынша әлемнің 40 елі мен халықаралық ұйымдары 100-ден аса келісімге қол қойған. Болашақта Марста өз станциямызды саламыз деген жоспары да бар.
Дереккөз: Хабар-24