Бас қалада Президент шыршасы өтті. Мереке қарсаңында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің бөбектері ескерусіз қалмады. Оларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан сыйлықтар үлестірілді. Биылға шараға «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер» тақырыбы арқау болды.
Жаңа жыл – сиқыр мен ғажайыптардың уақыты. Сондықтан болар бөбектер бұл мерекені асыға күтеді. Әсіресе ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар мейірімге, жылылыққа зәру. Балалар үйінің тәрбиеленушілері жыл сайын жасыл шыршаны айналып, мәре-сәре болады. Биылда игі дәстүр бұзылмады.
Анатолий Олейник:
— Осы Президенттік шыршаға келгеніме өте қуаныштымын. Бүкіл елге айтарым, Жаңа жыл құтты болсын! Тамаша-тамаша, шыршамыз тұр жараса. Басында әсем жұлдызы тұр. Көз тоймайды қараса.
Анастасия Шачина:
— Барлығына зор денсаулық, ашық аспан, мол бақыт, қажымас қайрат тілеймін. Беттерінен ешқашан күлкі кетпесін. Жаңа жылды асыға күтемін. Өйткені біз шыршаларға барамыз. Ән айтамыз, би билейміз. Қонақтар келеді. Бізге көптеген сыйлықтар сыйлайды.
Президент атынан ұйымдастырылған іс-шараға биыл 200-ге жуық бүлдіршін қатысты. Оларға Елбасы атынан түрлі тәттілер үлестірілді. Ал сыйлықты балғындардың өздері таңдайды.
Эльмира Суханбердиева, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
— Балаларға 100 мың теңгенің сертификатын береді. Балалар осы жылы өздеріміз таңдайық деді. Не керек екендіктерін өздері аламыз деп шешті. Қазір балаларға осылай киін, осыны ал деп айта алмаймыз ғой. Сондықтан өздеріміз таңдайық деп пікірлерін білдіргеннен кейін біз, әкімдік пен министрлік рұқсат бердік.
Дәстүр бойынша Мемлекет басшысы кішкентай қонақтарға видеоқұттықтау арқылы лебізін білдірді. Кештің көрігін мультфильмдердің кейіпкерлері қыздырды. Ал театрландырылған қойылым бір сәтке болсын ертегі әлемінде жүргендей әсер қалдырды. Мүмкін Жаңа жылдың сиқыры да осы болар.
Дереккөз: Хабар-24