Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық БАҚ өкілдерімен кездесуде елдегі баспана құрылысы жөнінде айтты, — деп хабарлайды «» АА ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Президент Қазақстанда баспана құрылысы еш уақытта тоқтамағанын және соңғы жылдары тиімді бағдарламалар қабылданғанын тілге тиек етті.
«Ипотека бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» танымал, бұл жұмыстар жалғасып келеді. Одан бөлек, аз қамтылған жандарға, мүгедектерге, өзге де осал топтарға арналған несиелік үйлер салып жатырмыз. «Нұрлы жер» бойынша көптеген жеке үйлер мен көпқабатты пәтерлер салуға болады. Соңғы қабылданған бағдарлама — 7-20-25. Бұған дейін баспананың жарты құнын банкке төлеу қажет еді. Қазір 20 процент жеткілікті, ставкасы — 7%. Ұлттық банкте бұл көрсеткіш — 12,5%. Яғни, қалған 5,5% мемлекет өз мойнына алып, банктерге өтейді. Егер пәтер 10 млн теңгеге бағаланса, 25 жылда ай сайын 50 мың теңге төлеп алуға болады. Бір үйде екі адам жұмыс істесе, 50 мың теңге түк емес», — деді Президент.
Оның айтуынша, Қазақстанда биылғы баспана ауқымы рекордтық 12 млн шаршы метрге жеткен.
«Жыл сайын 8-9 млн шаршы метр баспана салып жүр едік. Өткен жылы бұл көрсеткіш тарихта болмаған 11 млн шаршы метрді құрады. Биыл 12 млн шаршы метр болады. Бұл — 100 мың пәтерге жуық. Отбасында шамамен 4 адам болса, ата-әже, туыстарды қосқанда, жылына шамамен жарты миллион тұрғын жаңа, ыңғайлы баспанаға қол жеткізеді. Бұл жұмыстар әлі де жалғаса береді», — деп атап өтті Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев жеке үй тұрғызушылар үшін де жер берілетінін және мемлекет коммуникация мен жолды, жылу мен электр жүйесін жеткізіп беретінін еске салды.
«Сұраныс бар. Әрбір отбасы жеке баспананы қалайды. Мемлекет үнемі көмектесіп келе жатыр. Халық саны өскен сайын, бұл мәселе өзекті болып қала береді және мемлекет бұл мәселені шешуге тырысады», — деді ол.