Сырттай бөлімге енді бұдан былай студенттер қабылданбайды, — деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал арнаулы білімі барлар оқуды қалай жалғастырады? Ол үшін қанша ақы төлейді және емтиханды қалай тапсырады?
Интернет арқылы онлайн режимде емтихан тапсыру енді өткеннің еншісінде. Бүгіннен бастап еліміздегі жоғары оқу орындары сырттай оқуға ешкімді қабылдамайды. Өйткені олар білім алу кезінде күндізгі оқу бағдарламасының тек 65 процентін ғана меңгереді. Ал бұл өте аз. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі осындай қадам арқылы мамандардың сапасын көтермек.
«Егер қолында дипломы бар маман жауапты қызметке келіп, қате шешім қабылдаса, ол адам өміріне қауіпті болуы мүмкін. Ұстаз болсын, инженер болсын айырмашылығы жоқ. Егер ол өз міндетін жетік білмесе, қоғамның дамуына кері әсер етеді», — дейді Еуропалық құқық және адам құқығы жөніндегі сараптамалық институттың директоры Марат Башимов.
Дегенмен сырттай оқудың баламасы ретінде part time жүйесі қарастырылып жатыр. Оның ерекшелігі, оқу кестесі студенттің ыңғайына қарай қойылады. Мәселен, жұмыстан кейін немесе демалыс күндері. Мұндай жағдай таңнан кешке дейін қолы босамайтындар үшін қолайлы болмақ.
«Part-time институты білім беру саласына өте қажет. Сол үшін құқықтық актілері дайындалып жатыр. Осы бағдарлама бойынша оқығысы келетіндер қатары да артуда. Мұндағы басты талап, студенттер мемлекеттік бағдарламада көрсетілген 100 процент білімнің 65 пайызын ғана емес, толықтай меңгеруі тиіс. Екіншіден қашықтықтан оқыту жүйесін қолға аламыз», — дейді ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов.
Бәсекелестігі жоғары әрі нарық заманында өмір сүрген адам тек дипломымен ғана бағаланбайды. Сұранысқа сай маман болу үшін біліміңнің жетік болуы маңызды. Ал сол білімді беретін университтеттердің деңгейі енді түлеп ұшқан шәкірттерімен өлшенеді. Өйткені бүгінде қысқа мерзімді оқу бағдарламаларын бітірген адамның өзі университет түлегінің алдын орап кететіні жасырын емес. Мәселен, тіл мектептері мен бухгалтерлік курстарды айтуға болады.
«Қолында IELTS немес TOEFL сертификаты бар адамның шет тілін меңгергеніне ешкім шүбә келтірмейді. Бірақ бұл сертификаттарды жоғарғы оқу орны емес, осы бағдарламаны құрастырған Британдық кеңес береді. Яғни қандай да бір жұмысқа орналасу үшін міндетті түрде диплом керек емес. Бастысы сенің білімнің жеткілікті екенін дәлелдейтін құжат болса жетіп жатыр. Бұл – жоғарғы оқу орындары үшін үлкен бәсекелестік», — дейді М.Нәрікбаев атындағы ҚАЗМЗУ жоғары құқық мектебінің директоры Сергей Пен.
Сондай-ақ оқу төлемақысының көлемі мен білім қызметтерін көрсету шартының формасын енді жоғары оқу орындары өздері бекітеді. Ал қай семестрде қанша сабақ оқу керектігін студенттің өзі таңдайды. Яғни ұзақ оқыса, оқу ақысын да көп төлейді. Ерте аяқтаймын десе, өз еркінде. Ал биылға дейін сырттай оқуға түсіп үлгергендер диплом алғанға дейін бұрынғы жүйемен оқуын жалғастыра алады.