Сәбіздің пайдалы және дәрілік қасиеттері оның бай құрамына байланысты. Сәбіз – ағзаға өте пайдалы көкөніс. Оның құрамында B, PP, C, E, K дәрумендері және адам ағзасында А дәруменіне айналатын каротин бар. Сондай-ақ, сәбіздің құрамында 1,3% ақуыз, 7% көмірсу бар. Ол көптен бері әртүрлі ауруларды жеңілдету үшін дәрілік зат ретінде қолданылып келеді. Сонымен, сәбіз қандай ауруларда көмектеседі.
Асқазан-ішек жолдарының патологиясына
Сәбіз шырыны мен мәйегі өт бөліну және шығару процестерін жақсартады. Бұл көкөніс өт қабына тас байлану ауруынан зардап шегетін адамдардың мәзірінде міндетті түрде болуы керек.
Зат алмасуда қиындықтар болса
Сәбіздің құрамында ақуыз бен көмірудың метаболизмін қалыпқа келтіретін, сондай-ақ жасушалық тотығу және қалпына келтіру процестерін белсендіретін биологиялық белсенді компоненттер бар. Сәбіз шырыны мен мәйегі жалпы әлдендіретін әсерге ие, ол иммундық жүйені белсендіріп, сүт шығуды күшейтеді.
Көз ауруларына
Сәбіз көзге жағымды әсер ететін және адам ағзасында А дәруменіне айналатын каротинге өте бай. Сол себепті көру мүшесінің бұзылыстарынан зардап шегетін науқастарға мүмкіндігінше тамыр жемістерді шикілей жеу ұсынылады. Ал каротиннің тек маймен ғана адамның ас қорыту жүйесі арқылы сіңірілетінін естен шығармаған жөн. Сондықтан осындай аурулар кезінде сәбіз тұтынудың ең оңтайлы жолы одан майонез, қаймақ немесе майлы тұздықтар қосылатын салат жасау болмақ.
Зәр шығару жүйесінің бұзылуына
Сәбіз тұқымында зақымдалған эпителий жасушаларын қалпына келтіретін заттар бар. Олар бүйрек ауруларын емдеуде тиімді деп саналады. Ал сәбіз тұқымының тұнбасы несеп айдайтын әсерге ие. Ол қуықтағы тастар мен құмдарды ерітіп, сыртқа шығаруға көмектеседі және бүйректің шаншып ауруын жеңілдетеді.
Жүрек-тамыр ауруларына
Сәбіздің тамырлы жемісіндегі заттар жүректің бұлшық еті мен қан тамырларының қабырғасын нығайтады. Ал жақында ғана миокард инфарктісін өткерген науқастар үшін жаңадан сығылған сәбіз шырынын ішу ұсынылады.
Салқын тигеннен болатын ауруларда
Сәбізден жасалған құрам ағзаның қорғаныш күшін белсендіреді және айқын бактерияға қарсы әсерге ие. Олар жоғарғы тыныс жолдарының қабыну ауруларын емдеуде табысты қолданылады.
Жүйке бұзылуларына
Сәбіз көздің ішкі торлы қабығының зақымдануы, Альцгеймер ауруы секілді жүйке тінінің деградациялық өзгеруінен туындайтын жүйке жүйесінің бұзылыстарын тиімді емдейтін көкөніс. Сондықтан да мұндай аурулардан зардап шегетін науқастарға күніне, кем дегенде 2 стақан сәбіз бен балдыркөк шырынының қоспасын ішу ұсынылады. Науқастардың рационында сондай-ақ, үккіштен жаңадан өткізілген сәбіз бен түрлі жемістерден жасалған салаттар болуы керек.
Дереккөз: Stan.kz