Шектеулі мөлшерде ішімдік ішетін қариялар ащы суды аузына алмайтын құрдастарына қарағанда ұзақ өмір сүреді екен. Ішімдікті шектеулі мөлшерде ішу жүрек қызметінің жеткіліксіздігі дертіне шалдыққан 65 жастан асқан адамдардың денсаулығына зиянсыз болып шықты. Керісінше, олардың өмір жасын орта есеппен бір жылға ұзартады екен. Зерттеуді Миссуридегі Вашингтон университетінің ғалымдары жүргізді, нәтижесі білім ордасының сайтында жарияланған.
Мамандар 1989 және 1993 жылдары жүргізілген басқа зерттеу деректерін талдаған. Оған 5888 адам қатысыпты. 393 науқаста бұл кезеңде жүрек қызметінің жеткіліксіздігі туындап, олардың орташа жасы 79 жас болған.
Зерттеуге қатысқандарды төрт санатқа бөліпті: ешқашан ішпегендер; бұрын ішіп, кейін қойып кеткендер; аптасына жеті немесе одан кем порция ішімдік ішетіндер; сегіз және одан көп проция ішімдік ішетіндер. Бір порция былай белгіленген: сыра үшін 0,35 литр, шарап үшін 0,18 литр, ал ликер үшін 0,04 литр.
Зерттеу барысында анықталғандай, үшінші санаттағы адамдар бастапқы екі топтағы науқастардан қарағанда орта есеппен бір жылға ұзақ өмір сүреді екен. Соңғы топта адамдар саны аз болыпты, сол себепті қорытынды жасау үшін деректер жетіспеген.
Бірақ ғалымдардың айтуынша, зерттеу қорытындысы жүрек қызметінің жеткіліксіздігіне шалдыққан зейнеткерлердің ішімдік іше бастағаны дұрыс дегенді білдірмейді. Ал ұйықтар алдында бір бокал шарап немесе сыра ішетіндердің бұл әдетін әрі қарай жалғастыра беруіне болады, себебі одан келіп-кетер зиян жоқ. Дегенмен дәрігердің кеңесіне жүгінген абзал, дейді мамандар.
Дереккөз: Sputnik Қазақстан