Соңғы кезде әлем бойынша жеке телефон қоңырауларын тыңдауға байланысты жанжалдар туындап жатыр. Қазірде біреудің телефон әңгімесін арнайы құзырлы органдар ғана емес, өзінің пайдасын ойлаған қарапайым «тыңшылар» да тыңдай алады. Сіздің телефоныңызды біреу тыңдай ма? Тексеріп көрелік.
Әрине қажет болса құзырлы органдар біздің телефондарымызды тыңдай алады. Бірақ сіз бен біз ондайға апаратын әрекеттер жасамайтындығымызға сенімдіміз. Алайда қазіргі заманда арнайы «тыңшылық» бағдарламалар мен қосымшалар көмегімен сырларыңызды білгісі келген қарапайым адам сізге толық бақылау жасай алады.
Мұндай хакерлік бағдарламалар біреудің телефон линиясына қосылып, әңгімені тыңдап, жазады. Сонымен қатар, бағдарлама бөтен SMS-хабарламаларды «ұстап», өзіне қажет нөмірге жіберуге мүмкіндік береді. Бағдарламаның тіпті сіздің телефон кітапшаңызды өзіне көшіріп, сіздің орналасқан жеріңізді анықтай алуға мүмкіндігі бар. Қазірде бұндай бағдарламаларды өз балаларына бақылау жасайтын ата-аналар, сүйіктілерін қызғанатын ессіз ғашықтар, жұмыстағы бәсекелес компаниялар жиі қолданады.
Сіздің телефоныңыз басқалармен тыңдалатындығын анықтау үшін смартфоныңызда мына қасиеттер байқалатындығын тексеріңіз:
1. Телефонның қуаты тез отырады. Жаңа, дұрыс жұмыс істейтін заманауи телефонның қуатының тез өшуі, аккумулятордың тез ысып кетуі оның хакерлік бағдарламалармен бақыланатындығының белгісі бола алады.
2. Телефон жұмысындағы ақаулар. Телефонның өзінен-өзі қосылып-өшуі, оны қосқанда не өшіргенде ұзақ ойлануы, телефон жарығының өзінен-өзі қосылуы да оның басқа біреумен тыңдалуының белгілерінен.
3. Қоңырау барысындағы бөтен дыбыстар. Егер телефоныңыз біреудің тыңдалуында болса, телефон әңгімесі кезінде сіз бөтен шу, түрлі дыбыстар, тіпті біреудің дауысын ести аласыз.
4. Бөгеуілдер. Аудио колонкалардан қасында тұрған телефонға біреу қоңырау шалғанда бөгеуілдер естіледі. Ал ешкім қоңырау соқпай, хабарлама жазбай-ақ осындай бөгеуілдер естілуі тыңшылардың жұмысына меңзейді.
5. Абонентпен байланыс өте ұзақ орнатылады. Біреуге қоңырау шалғанда байланыс өте ұзақ орнатылатып, ажырауына да одан кем емес уақыт кететін болса, осы мәселе жайлы ойлануыңыз керек. Тыңшылық бағдарламалар әңгімеге қосылу және ажырау үшін біраз уақыт қажет.
Егер сіз де телефоныңыздан осындай ерекшеліктер мен жұмыстағы қателіктерді байқасаңыз, телефоныңызды шеберге апарып, тексертуден өткізіңіз.
Дереккөз: Massaget.kz