Бүгін Халықаралық мейіргерлер күні аясында Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, ұзақ жылғы еңбегімен ерекшеленген мамандар марапатталды.
Салтанатты жиында басқарма басшысы Сержан Назарбек мейіргерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың күнделікті қызметінің маңызын атап өтті.
Жиында Жамбыл аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімінің аға мейірбикесі Айсулу Нарымбетқызы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ол 1986 жылдан бері осы мекемеде үздіксіз еңбек етіп келеді. 2011 жылдан бастап аға мейірбике ретінде бөлім жұмысын үйлестіріп, медициналық көмектің сапасын арттыруға үлес қосып жүр.
Ұзақ жылғы тәжірибесі мен кәсіби жауапкершілігі оны ұжымдағы беделді мамандардың қатарына қосқан.
Сондай-ақ, №2 қалалық емханасының зертхана-диагностикалық бөлімшесінің лаборанты Фарида Максутқызына «Еңбек ардагері» медалі ұсынылды. Саладағы еңбек өтілі – 44 жыл. Еңбек жолын 1982 жылы бастаған ол бүгінгі күнге дейін зертханалық диагностика саласында үздіксіз қызмет атқарып келеді. Жоғары біліктілік санатына ие маман ретінде кәсіби деңгейін тұрақты түрде жетілдіріп келеді.
Іс-шара барысында медицина қызметкерлерінің еңбегі қоғам денсаулығын сақтаудағы негізгі факторлардың бірі екені атап өтіліп, сала мамандарына алғыс білдірілді.