Қазақстаннан Қырғызстанға жеткізілетін жанармай көлемі артады

0 0

Қазақстан Қырғызстанға бензин экспортын арттырады, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА 24.kz-ке сілтеме жасап.

Қос тарап бұл жөнінде екіжақты келісім жасамақ. Осылайша Ресей өніміне тәуелді көрші елде бензин алудың балама жолы пайда болады.

Автокөлік жүрісі жанармайдың сапасына байланысты. Сондай-ақ көлік иелері мұқият бақылайтын бір жағдай – ол сұйық отын бағасы. Статистикалық деректер бойынша, былтыр Қырғызстанда жанармай құны үнемі өсе берген. Бұған түрлі себеп бар, бағаның маусымдық ауытқуы, әлемдік нарықта мұнай нарқының шарықтауы, инфляция.

Малика Абдукадирова, статистика комитетінің бағалар бөлімінің меңгерушісі:

– Жанар-жағармай бағасының өсімі 10,7 пайыз құраған. Ең көп дизель отыны 18 жарым пайызға қымбаттады. Ал бензин бағасы 9 жарым пайызға өскен.

Жанармай Қырғызстанға негізінен Ресей мен Қазақстаннан жеткізіледі. Егер ресейліктер бензинді салықсыз сатса, қазақстандық жанармайға салық салынады. Сол себептен әкелінетін мөлшерінде үлкен айырмашылық бар. Былтыр Ресейден 411 мың тонна бензин жеткізілсе, Қазақстаннан 73 мың тонна әкелініпті. Алайда қазақстандық бензинды салықсыз жеткізу туралы үкіметаралық келіссөздерден кейін жағдай түпкілікті өзгеруі мүмкін.

Қанат Эшатов, Мұнайтрейдерлер қауымдастығының директоры:

– Қазақстан былтыр мұнай өңдейтін зауыттарын жаңғыртты. Былтырдан бастап артық мөлшері пайда болып, оны бізге сатуға дайын. Біріншіден, бәсеке пайда болады. Екіншіден, Қазақстан ең жақын көршіміз болғандықтан, Ресейге қарағанда тасымал шығыны едәуір аз.

Қырғызстанның тиісті мекемелері қазақстандық жанармайды жеткізу шарттарын талқылап жатыр. Әзірше тек бензин әкелінеді. Көрші ел шамамен жылына 200 мың тонна сатып алуға ниетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.