Т. Рысқұлов ауданына қарасты Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Мұхтар Мұсаев Көкарық және Шолаққайыңды ауылдарында халықпен кездесіп, есеп берді. Шолаққайыңды ауылы тұрғындары көгілдір отын кіргізу туралы мәселе көтерсе, Көкарық ауылы ауыз су мәселесін шешу туралы ұсыныстарын білдірді. Ауыл әкімі аталған жұмыстардың заң талаптарына сай шешілу жолдарын түсіндірді. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Агенттігі хабарлайды.
Тереңөзек ауылдық округі әкімдігіне «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 2 772 000 теңге бөлініп, 1 650 000 теңгеге Шолаққайыңды ауылында балалар ойын алаңы салынды. Үнемделген 1122000 теңге қаржыға Шолаққайыңды ауылындағы балалар ойын алаңын жақсартуға жұмсалып, пайдалануға берілді. Көкарық ауылындағы Ш.Уәлиханов көшесіне (ұзындығы 400 м ) 5 601 041 теңгеге асфальт төселсе, Тереңөзек ауылындағы Ы.Алтынсарин көшесіне (780 м) 6 751 793 теңгеге, Жұмабек Сәтқұлов көшесіне (560 м) 4 847 004 теңгеге асфальт төселді. Шолаққайыңды ауылында мемлекеттік — жекеменшік әріптестік аясында ауылдық фельдшерлік емдеу пункті салынып, пайдалануға берілді.
Тереңөзек ауылында 75 орындық бөбекжай-бақшасы ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Көктемгі абаттандыру, көгалдандыру бойынша жалпы сомасы 130 000 теңге көлемінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Тереңөзек ауылдық округінде 85 шаруа қожалық тіркелген. Жер көлемі – 38314 га. Оның ішінде, жайылым жер көлемі – 24500 га, егістік жер көлемі – 13814 га. 2018 жылдың өніміне 2160 га жерге күздік бидай себіліп, әр гектардан 28 центнерден, жаздық арпа 2813 га жерге себіліп, әр гектардан 22 центнерден, мақсары 3994 га жерге себіліп, әр гектардан 5 центнерден өнім алынды. Округте жайылым мен мал қыстатуды, жем-шөптің қорын жеткілікті көлемде дайындау жұмыстары дұрыс жолға қойылуы мал басының өсуіне септігін тигізді.
Бүгінгі таңда ірі қара – 1465 бас, қой -25496 бас, ешкі-2414 бас, жылқы -945 басты құрап отыр. 2018 жылы жұмыссыздық бойынша 62 адам тіркелді. Жыл ішінде 24 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылып, 9 адам кәсіптік қайта даярлау оқу курсынан өтсе, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Жастар тәжірибесі» аясында 4 жас маман қабылданды. Мемлекеттік атаулы көмек жәрдемақысын 94 отбасы алып, 532 балаға 23 641 737 теңге берілді. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша ауылдың 6 тұрғыны мемлекеттен 25,0 миллион көлемінде несие алып, өз кәсіптерін жандандырды.
Округ бойынша жеке табыс салығынан 278580 теңге, көлік салығынан 4 653 556 теңге, жер салығынан 350294 теңге, мүлік салығынан 44 467 теңге түсіп, жалпы жергілікті бюджетік шотқа 5 326 897 теңге түсті.