Тараз қаласындағы №30 мектепте «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен білім беру саласына жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу жобасын түсіндіру бойынша педагогтермен кездесу өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатқанын атап өтіп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
«Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді.
Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс.
Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет.
Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады.
Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» – деді Президент Жолдауда.
Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі мен «AMANAT» партиясы бірлесіп «Ustazga AI» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба ұстаздарға ЖИ құралдарын білім беру процесіне тиімді қолдануға мүмкіндік бермек.
Жиынға «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбек, «Daryn.Online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев, «Daryn Ustaz» орталығының директоры Ерлан Абдиманапов, сондай-ақ, облыс әкімдігі білім басқармасы мен қалалық, аудандық білім бөлімдерінің мамандары, мектеп директорлары мен мұғалімдер қатысты.
Кездесуде Уәлихан Болатбек жоба педагогтердің ЖИ технологияларын меңгеруіне жол ашып, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін тілге тиек етті.
– Биыл ақпан айында іске қосылған «Цифрлық қоғам» партиялық жобасы қарттар, балалар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды цифрлық қауіпсіздік негіздеріне оқытуға, киберқауіпсіздікті арттыруға және қоғамның жалпы цифрлық сауаттылығын көтеруге бағытталған. Жоба бастапқыда 5 өңірде пилоттық режимде басталып, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде кеңейтіліп жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес жаңартылды, – деді Уәлихан Болатбек.
Айта кетейік, жоба 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде ұстаздар «Жасанды интеллект – педагогтың көмекшісі» атты тегін онлайн курстан өтеді. Бұл кезең 2025 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады. Келесі кезеңде жобалары іріктеліп алынған 400 мұғалім «Мұғалім AMANAT» педагогикалық хакатонына қатысады. Ал соңғы кезеңде хакатонның 20 жеңімпазы 2026 жылдың маусым айында Оңтүстік Кореяда өтетін 7 күндік халықаралық тағылымдамаға қатысуға мүмкіндік алады.
– «Ustazga AI» жобасы – ұстаздардың заманауи технологияларды, әсіресе жасанды интеллектіні тиімді пайдалануына жол ашатын жаңа мүмкіндік. Басты мақсат – мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оқу үдерісін заманауи құралдармен байыта отырып, білім сапасын арттыру. Жасанды интеллект – бұл болашақтың емес, бүгіннің құралы. Сондықтан ұстаздарымыз осы мүмкіндікті дер кезінде меңгеріп, оны күнделікті тәжірибесінде дұрыс қолдана білсе, бұл оқушылардың да, мұғалімнің де жұмысын жаңа деңгейге көтерері анық. Жоба аясында мұғалімдерге теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, нақты білім мен дағдылар беріледі. Бүгінгі білім беру саласының дамуы технологиямен тығыз байланысты болғандықтан, біз ұстаздарға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды цифрлық жаңғыруға бейімдеуге дайынбыз, – деді «Daryn Ustaz» орталығының директоры Ерлан Абдиманапов.