Осы жылдың 10 айында еліміздің ақылы жолдарынан бюджетке 72 млрд теңге қаржы түсті. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
— Қандай жобаларға сыртқы қарыз тартылатыны маңызды мәселе. Менің және Үкіметтің ортақ пікіріне сәйкес, қарыз тарту тартымды болуы, негізінен пайдалануға берілгеннен кейін жобаның коммерциялық тұрғыда өзін-өзі ақтауы, белгілі бір нысан құрылысына тартылған қарызды өтеу үшін бюджетке белгілі бір кіріс әкелуі тиіс. Мысалға жолдарды келтірейін, бұл халықаралық тәжірибе. Көп жағдайда, оның ішінде Қазақстанда да жолдар сырттан қарыз тарту есебінен салынады. Қазір біз, Көлік министрлігі жолдарды ақылы қылу үшін үлкен жұмыс істеп жатыр. Мұны не үшін істеу қажет? Біз салатын, үлкен қаражат жұмсайтын жолдардың нақты қайтарымы, қарыздарды өтеуге септігі тиюі тиіс, — деді Үкімет басшысы сенаторлардың сауалына орай.
Осы орайда Премьер-министр еліміздегі ақылы жолдардан түскен түсімді нақты атады.
— Мәселен, өткен жылы біз жолдардан 48 млрд теңге түсім алдық. Оның 10 млрд теңгесі инфрақұрылымдарымызды пайдаланып, еліміз арқылы өтетін транзиттік шетелдік көлік құралдарынан түсті. Ал осы жылдың 10 айында 72 млрд теңге, оның ішінде шетелдік көліктерден 17 млрд теңге алдық. Бұл жұмысты жалғастырамыз. Жалпы, жекелеген шолушылар мен сарапшылардың бұл мәселеге үстірт қарап, қанша қаржы тартқанымызды, жұмсағанымызды ғана айтады. Бірақ, сыртқы қарыз есебінен салынған белгілі бір нысанның экономикамызға қандай тиімділігі бар екенін ескермейді, — деді ол.
Олжас Бектеновтің айтуынша, жоғары санаттағы магистраль салынған өңірдегі экономикалық белсенділік мүлдем өзгеше болады.
— Неге екенін сол жолдың бойында шартты түрде айтқанда 50 жанар-жағармай құю стансасы, 100-деген жол бойындағы дәмхана салынатындығын ескермейді. Мұның бәрі экономика, жұмыс орны, төленген салық және экономикалық өсім де. Егер мұндай инфрақұрылымдық жобаларға қаржы құймаса, онда мұндай дамудың болмайтыны сөзсіз. Сондықтан біздің пайымызша, ақылмен тартылған және жұмсалған сыртқы қарыз экономикалық даму үшін тың тиімділік береді. Әрине, біз мұндай қаражат қандай жобаларға тартылатынын және жұмсалатын мұқият қараймыз, — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол мемлекеттік қарыз деңгейі төмен болуы тиіс деп санаймынын айтты.