2018 жылғы 11 айдың қорытындысына сәйкес Қазақстанда экспорт көлемі 26%-ға артып, 54,7 млрд долларды құрады. Бұл туралы Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек айтып берді.
Министр өңделген өнім экспорты 14,3 млрд долларды құрағанын атап өтті.
«2018 жылы қазақстандық өнім 119 елге экспортталды. Алдағы үш жылға қосымша 500 миллиард теңге бөлу туралы сіздің шешіміңіз (Нұрсұлтан Әбішұлы — автордың ескертуі) шикізаттық емес экспортты дамытуға жаңа серпін береді. Бұл 2021 жылға қарай өңделген тауарлардың экспортын – 820 млрд теңгеге дейін, ал экспорттаушылардың санын 411-ден 600-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді Жеңіс Қасымбек.
Министрдің сөзінше, қазақстандықтар күнделікті пайдаланатын шамамен 250 өндірістік тауардың өндірісіне 400 млрд теңге бөлінетін болады. Сонымен қатар, мұндай жаңа қаржыландыру аталған тауар түрлері бойынша импорттың қазіргі кездегі үлесін (80%) алдағы 1,5-2 жылда 50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: bnews.kz