Жаңа орталық Астанадағы Кәсіподақтар федерациясының ғимаратында орналасқан.
Былтыр федерация өкілдері және Жоғарғы сот арнайы меморандумға қол қойып, жобаны еліміздің әрбір аймағында іске қосты. Бүгінге дейін орталық көмегіне 2 мыңнан астам адам жүгініп, олардың 1 мыңнан астамы келісім арқылы өздерінің дауларын шешкен. Бұл туралы бүгін Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылы еңбек орындарындағы ұжымдық даулар 2 жарым есе азайған. Өз кезегінде кәсіподақтар федерациясы даулы мәселелердің алдын алу үшін жергілікті басқарушы органдармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және түрлі компаниялармен бірлесе жұмыс істеп келеді. «Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ерекше назар аударған жөн», – дейді федерация төрағасы. Соңғы статистикалық деректер бойынша, елімізде 217 адам жұмыс орнында қаза тапқан.
Бақытжан Әбдірайым, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
— Қазақстан бойынша қазіргі таңда «Еңбек шартын жасау» деген акцияны бастадық. 37 мыңнан астам адамға еңбек шарты жасалды. Еңбек шарты жасалған жерде ол азаматтың құқығы қорғалады. Екінші қадам, ұжымдық шарт жасау керек. Ұжымдық шартта сол мекеменің қандай міндеттері, біріншіден, әлеуметтік және еңбек міндеттері көрсетіледі.
Дереккөз: 24.kz