Меркі ауданында жалпы 2018 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 6 млрд. 261,8 млн. теңгені құрап, 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімі мен аудан әкімі арасындағы бекітілген межеге сәйкес құрылыс жұмыстарының жоспары 119,2% орындалды. Бұл туралы Меркі ауданы әкімі Мейірхан Өмірбеков халық алдында атқарылған жұмыстарға есеп беру барысында айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аудан басшысының айтуынша, балабақша, мектеп құрылыстары соңғы жылдары қарқынды жүргізіліп, соңғы екі жылда мемлекет тапсырысы бойынша бес жекеменшік балабақша іске қосылып, 2018 жылғы балаларды мектепте дейінгі қамту 99,6 пайызды құрап отыр. Биыл бұл көрсеткіш 100 пайыз, атап айтқанда балабақша мәселесі шешіледі.
Ал орта мектеп салу жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Өткен жылы Сұрат ауылдық округіне қарасты Тескентоған ауылында 150 орындық мектептің құрылысы толығымен бітіп, оған облыстық бюджеттен 2017-2018 жылдарға жалпы 538,669 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Нысан 2018 жылғы 2 шілдеде аяқталып, пайдалануға берілді.
Қазіргі уақытта «Қазақ Дихан» ауылындағы 120 орындық мектептің құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстары 2018-2019 жылдарға жоспарланған, 2018 жылы бюджеттен 100,0 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді. «Андас-Груп» ЖШС-нің құрылысшылары осы мектептің құрылысынқосымша өз қаржылары есебінен әрі сапалы, әрі тез жүргізуде. 2019 жылға бюджеттен 395,830 млн. теңге бөлінді. Негізінде, осы ауылдың оқушылары бастауыш сыныптан соң көршілес Ақтоған ауылындағы мектепке қатынап оқитын. Олардың қауіпсіздігі үшін екі ауыл ортасына тұрғындардың сұранысына сай республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, ұзындығы 35 метрлік аспалы көпір салынды. Енді балалардың республикалық маңызы бар күре жолдан өтуі әжептеуір қауіпсіз күйге түсті. Қос қабатты бұл мектеп 2019 жылы 1-тамызда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ауданда апатты жағдайдағы немесе үш ауысымда жұмыс жасайтын білім ошақтары жоқ.
Аудандағы ірі құрылыс ошағының бірі – Сарымолдаев ауылының су жүйесінің құрылыс жұмыстары. Құрылыс 2018-2020 жылдарға жоспарланған. 2018 жылға жалпы 568,251 мың. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Мердігер мекеме «KAZ Intel Group» ЖШС. Жобаның құны 1 378,341 мың.теңге. 2019 жылға ауыз су жүйесін жүргізуге бюджеттен 444,444 мың.теңге қаралған. 2019 жылы аудан елді мекендерін орталықтандырылған ауыз сумен қамту үлесі 70% пайыздан аса болады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, Ойтал ауылындағы №12 К.Сарымолдаев атындағы орта мектебі қазандығының құрылысына 2019 жылға облыстық бюджеттен 51,1 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.
Сол сияқты 2019-2020 жылдарға жобалау сметалық құжаттары әзірленген Гранитогорск ауылындағы 120 орындық мектеп құрылысы, Андас батыр ауылындағы ауылдық клубының құрылысы, Меркі ауылындағы «Үміт» оқушылар сарайы жанынан спорт кешенінің құрылысы нысандары бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Тұрғын үй құрылысы бойынша жалпы алаңы 29352 шаршы метр болатын 201 жеке тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғын үй құрылысы көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 107,6% -ға артты.
Бір қуантарлық жәйт, Меркі ауданы Жамбыл ауылындағы спорт кешенінің құрылысын ауданның тумасы, кәсіпкер Қ.Құрамаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізуге өз тарапынан ұсынысын білдіріп, биылғы жылы жұмысты бастап кетті. Ол өзі тәрбиеленіп шыққан спорт мектебінен талай спорт жеңімпаздары шыққанын еске алып, жаңа спорт орталығын тұрғызуға бел буды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында спорт пен денсаулық сақтау саласы қатар жүреді демекші өткен жылы үш бірдей медициналық пункттің ашылу салтанаты өтіп, қазіргі уақытта ел игілігі үшін жұмыс істеуде.