Жамбыл облысының Шу, Қордай, Сарысу аудандарындағы Тасөткел, Қарақоңыз, Ынталы су қоймаларын жөндеуге 2,7 миллиард теңге қажет, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бұдан бөлек Талас ауданындағы Ақкөл су бөгеті де құрылыс жұмыстарын талап етеді. Қазір барлық нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджетке тапсырыс берілді. Бұл қаржыға бөгеттерді темір бетонмен қаптап, автоматтандыру көзделген.
Өңірде жалпы 112 су қоймасы бар. Оның 7-і жекеменшік, 105-і коммуналдық меншікте. «Қазсушар» мекемесінің мамандары қазіргі кезде судан келер қауіп жоқ деп отыр. Облыста түскен қар жылдық мөлшерден төмен болғандықтан, судың деңгейі тек 60 процентті құраған.
Сондай-ақ өңірде су тасқыны қаупін ескерту бойынша бірқатар алдын алу шарасы жүргізілуде. 568 шақырым канал мен 1400-ге жуық арық тазартылды.
— Бізде қазір жол картасы бойынша Ақкөл бөгетін жөндеу жұмыстарын жүргізбекшіміз, қазіргі жағдайда жобалық-сметалық құжаттамасы бітті. Оның құны 932 миллион теңге, оған бөгеттің жағдайын күшейту, ауылдан өткен 800 метр жерді жаға жұмыстарын көтеру қарастырылып отыр, — дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Қазыбек Бедебав.
Дереккөз: 24.kz