Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен құттықтап, оған зор денсаулық, амандық және жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтағаны үшін Өзбекстан Президентіне ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екі ел халықтарының тату көршілігі мен достығына негізделген стратегиялық серіктестік жалғаса беретініне сенім білдірді», — делінген хабарламада.
Екі ел көшбасшылары бір-бірін Наурыз мейрамымен құттықтады.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Өзбекстанның қазіргі қарым-қатынастарын қалыптастыру және оны дамыту жолында ерекше рөл атқарғанын атап өтті.
Телефон арқылы сөйлесуге Өзбекстан жағы бастамашы болды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті.
Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен құттықтап, жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтағаны үшін Әзербайжан Президентіне ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара ықпалдастықты жан-жақты дамытудың бағыты өзгермейтінін атап өтті.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынастарын қалыптастыру және оны нығайту ісінде ерекше рөл атқарғанын атап өтті.
Сондай-ақ, екі ел көшбасшылары бір-бірін Наурыз мейрамымен құттықтады.
Телефон арқылы сөйлесуге Әзербайжан жағы бастамашы болды.
Дереккөз: baq.kz